Өлеңдер ✍️
ЕЛДЕ ҚАЛҒАН ЕГІЗДЕР
Тұрысынан, жүрісінен танимын,
Топырақтан ақын туса егіз болмақ негізі.
Мұзарт шыңда туған Мұқағалидың
Ібітанов Еркін екен – егізі.
Егізді айтсаң ет жүрекке толар мұң,
Шатыршаның шалғайынан жол құлап.
Қадырдың да егізі бар...
Оралдың
Құмында жүр ол, бірақ.
Ақын да бір, қажы да бір, шырағым,
Ауылынан сапар шеккен Меккеге.
Алашына тастамаса сыңарын
Олжас ағам Альпіні асып кете ме.
Әлихан мен Нарманбетте – негізім.
Мен айтпасам айтар анау жел оны.
Ақтоғайда қалған менің егізім,
Елін қиып кете алмай жүр – себебі.
Сағынышым – сартап, миым – жұқарды,
Дос жоқ менде, опасыз көп оттаған.
Менікі деп иемденген Мұқаңды
Ерекеңе елжірейтін боп барам...
Қайтем, жақын дейтін пендем жатым да,
Маған талай ойран салар ол әлі.
Адамзаттан дос болмайды ақынға,
Елде қалған егіз ғана болады.
Шатыршада – бар ойым
Жас баладай мені күткен жол қарап, –
Елде қалған егізіме барайын,
Көздің жасы омырауға сорғалап...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter