Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  92


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ҚЫЗЫЛАРАЙДАҒЫ БАЙШЫКЕШ

Запыран құсып заман тұр,
Тексіз – өсер ұрығы.
Фермер болды Жаманқұл –
Надан болған ғұмыры.
Аяғын сап шідерге шіренеді, ой, Алла,
Тұқымында тігерге тұяғы жоқ-ты –
Содан ба?!
Әкесінің көзіндей.
Жан-тәнімен жақсыға дұшпан еді әкесі.
Тура – соның өзіндей!
Мыстан еді әкесі!
Бес ұл... қарыны тоғайып көрмей күндіз ақ таңда –
Мұрынынан боғы ағып, жалаң аяқ ақ қарда –
Жүруші еді қара боп жалғыз лақ көгенде.
Күлуші еді ел...
Жаманқұл күледі енді сол елге!
Семізін ап колхоздың, жұртқа қалды арығы.
Жарты-ақ жылда жампоздың шықты қозы қарыны...
Салпақ ауыз, кер надан, ол қайтеді обалды
...Сұлулар да енді оған жымыңдайтын боп алды.
Құндыз киді басына, құрым кисе анау жыл,
Кедей ауылдасына кердең-кердең қарап жүр.
Төске шауып, басқа өрлеп, Қызыларайды жерсінбей,
Құнанбайды қастерлеп... Абайды да менсінбей!
Бие етінен жиіркенді, құлын – көңіл хошына.
Қазағымның ертеңгі Рокфеллері осы ма?!
Осы – Алаштың бағы ма?
Сор болмаса жарады:
Балақтағы бит тағы да басқа шығып барады!
Шежіреде қазан тұр...
Құл биледі – ғалам тұл!
Алдымызда бәрінен асқақ алтын заман тұр.
Табын-табын жылқыңды берем, болса саған – пұл,
Қора-қора қойды да берем, болса саған – пұл,
Бірақ біздің қазақты билемесең болғаны,
Жаппар ием, Жаманқұл...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу