Өлеңдер ✍️
ҚАРАСАРТОВ
– Марқұм!
Мына өмірге шыр-шыр етіп келіп ем,
Қара басты ғаламды-қасіреттің, селінен...
– Сен кім едің?
– Ұрпақпын, кезіп жүрген моланы.
– Ә... білемін сендерді, бала мылжың болады...
– Әке!
Таң ғап сенделем, жөніңді айтшы, мен – балаң?
– Тергеушімін – мен деген,
Сұрақ қойма сен маған!
– Ұрпақ Соты жөнінде айтшы, тергер сол әлі?
– Сот деген жоқ өмірде.
Жендет қана болады...
– Неге?!
– Сендей пақырға не айтсам екен?
Әрі жүр!
Сұрақ қойма сумаңдап, жауап бермен бәрібір!
– Қорқасың ба?!
– Күлкілі!
Білем ғой бұл ортаны,
Дір-дір етіп кірпігі
Бәрі менен қорқады!
– Үрейленіп мына жұрт не боп кеткен шетінен?
– Қорықпаса адамзат кетпей ме екен бетімен!
– Адамзатты қосатын үрей ме тек?
– Енді не?!
Шәкәрімдер секілді шатып кеттің сен, міне!
– Шәкәрім кім?!
– Есіме түсіп кетті...
Ол – ақын.
Осындай да... бір кезде бұзық кісі болатын...
Айдауыңа жүрмейтін, айтқаныңа қосылмай –
Жер бетінде желікпе адамдар бар – осындай!
– Білем... өлең жаза ма?
– Көкірегін мұң тырнап –
Екі сөздің бірінде «Елім!» – дейді сұңқылдап!
– Халық десе ғажап қой!
Сен... не... оған қарсы ма ең?
– Сондай тобыр бар бізде – айдайтұғын қамшымен!
– Тобыр?!
– Тобыр!
Көнетін – қандай тәртіп орнаса!
Халық деген немене, айту үшін болмаса?!
Икемі жоқ өмірге,
Өлім десе өкіріп...
Көпке шашпай топырақ, тек сыйлай сал өтірік!
– Сонда халық...
– Қақсама!
Өздері өліп құтылып –
Шәкәрімдер аузына кеткен екен түкіріп!
– Алдың Дантес атағын...
– Өшір бықсық өртіңді!
Халық жауы – Шәкәрім!
Оны – халық өлтірді!
– Соңғы сөзің?
– Өмір – тұл!
Тірі жан жоқ қасымда:
Халық жауы өріп жүр –
Балқантаудың басында!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter