Өлеңдер ✍️

Өмір өтті тарихтың арнасында...
Өмір өтті тарихтың арнасында,
Өр тасқынға шомылып мал, басың да.
Адам деген қоғамдық жануарың,
Тыр-жалаңаш болатын алғашында.
Топас тұлға, сезімсіз кескіні – өлі,
Керемет бір кез келіп, тез түледі:
«Ұятыңды жап!» – деген ұлы дауыс –
Жануардың ең алғаш естігені!
Тұл сұлбасын пәк сезім иіндіріп,
Сұлулыққа имандай иілдіріп –
Ұят! – деген ұлы күш жануарды
Тағылықтан ап шықты киіндіріп!
Рух сыйлап ұлы ұят ару-арға,
Адам енді айналды палуанға,
Жан-жануар тұрды кеп басын шұлғып,
Адам деген қоғамдық жануарға.
Сол үн талай ғасырды кескіледі,
Ол да ақыры жаңғырып – ескіреді.
«Ұятыңды – жап!» – деген үңгірдегі үн
Ғаламзаттан қайтадан естіледі...
Қанды қырғын індетке қара да тұр:
Айналдырып басын кіл қара бақыр –
Қайта шешіп киімін жануарың
Тағылыққа талтаңдап бара жатыр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇