Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  133


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Ақша қарға оранды Қарқаралы.

Ақша қарға оранды Қарқаралы.
Көз алдында – күллі әлем картадағы.
Жұмыр жүрек ішінде – жұмыр Жерім,
Сайрап кетсем тілімнен бал тамады.
Шиырлаймын несіне ой легін көп?
Уайым – жоқ. Тамақ – тоқ. Көйлегім – көк.
Неше түрлі елдердің сөзін естіп,
Неге менің кетеді сөйлегім кеп?
Өліп-өшем өзгені – өзге емес деп,
Ошақ сөзін Отаным сөз демес деп.
Құнанбайдың мешітін көрсем болды
Амра ибн әл – Аса көзге елестеп...
Маған жаттай жас дәурен, ғашық әні,
Қайран жаным қай жаққа асығады.
Хиросима туралы шерлі жырым
«Коммунизм таңында» басылады...
Кім бар менің үнімді есіткендей,
Кім жүр ессіз елесті кешіп мендей?
Алматыға жіберген өлеңдерім
Алыс шаһар болған соң... кешіккендей.
Шыдай алмай осы бір масқараға
Алматыға тартсам ба – бас қалаға?
Ақындардың ауылда туып, сонсоң
Өлетіні рас па – астанада?
Рас болса, жөнеуім қажет демде,
Қар күрт еріп, құстар кеп мәз еткенде.
Анда-санда... Ғаламды тану үшін
Көз салармын аудандық газеттерге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу