Өлеңдер ✍️
ҚАРАГЕРДІ БӘЙГЕГЕ САЛАРДА
Қарагерім, кінәрат жоқ мүсінде еш,
Ерге қонған ер еңсесін түсірмес.
Сұлулыққа суғаратын көзіңді
Сұлу жылқы – сұлу әйел пішіндес.
Түсті-ау қолға деп жүргенде: «Жетем ғой...»
Құлагерлер қылаң ұрған мекен ғой.
Тұяғымен тұлпар тұрса жер тарпып,
Тұғыр болып туу – күнә екен ғой!
Еуропа ерте жексе күймені,
Қазақ қырда арғымақпен биледі,
Жарасады бұл тұқымға Ақанның –
Құлагері, Жұматайдың – Жирені.
Қыр төсінде тұяқтан шаң жосылса,
Неткен сері сал жұрт едік осынша:
Құлагер мен Жирендерге енді кеп,
Мына менің Қарагерім қосылса!
Қарагерге көзі түсіп тосылып,
Осындағы ойындары осылып, –
Басы лақсын – басын кесіп ала алмай
Батырашқа Қотырашы қосылып!
Тұяғыңмен жерден інжу аршып ал,
Жөнел енді, жел өтіне қарсы бар
Сенің де бір Батырашың бар шығар,
Сенің де бір Қотырашың бар шығар.
Ал, Құлагер, беу, «Сарыарқа» күйінің
Нотасымен бас кеудеңнің күйігін.
Қара шаң сап Қарқаралы шетіне,
Бетіңе ұста Ақсораңның биігін.
Мен өзіңе желге мінсем жетем ғой,
Құлагерлер қылаң ұрған мекен ғой,
Тұяғымен тұлпар тұрса жер тарпып,
Тұғыр болып туу – күнә екен ғой!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter