Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  114


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ҚАҒАЙЫҚ ЕСІКТІ

I
Туған елім, Туған жерді сағынам:
Мен жаралғам соның тамшы қанынан –
Ортаңызда жүрген болсам қарайып...
Сол өлкеңе барайықшы, халайық,
«К–700» балонының шаңынан
Өгіздердің ізін тауып алайық!
«Қызыларай» – қайығы үлкен кеменің.
Сол қайықта өрге жүзіп келемін.
Көз алдымда – көкжиектің белесі.
Кешір мені, Планета Кемесі,
Менің бүгін саған айтсам дегенім
43-тегі қырғынның бір елесі...
Өтті ауылдың үстінен сан дауыл да,
Өтті ауылдың үстінен сан жауын да
Шаң басыпты ат-арбаның жолдарын.
Білесің бе оның сырға мол жанын:
Леонардо да Винчисіз ауылда
Бір перизат Мона Лиза болғанын?
43-еді... Елдің кеткен есесі...
Кетпейді естен тарихымның кешесі.
Сол сұлуды кеш білсеңіз – кешірім...
Танысыңыз: табысқанның несі мін?
«Фатима» деп марқұм әке-шешесі
Арабшылап атап кеткен есімін.
Семіп қалған гүл еді ғой ол – күзгі...
Қай жыланға шырын балын сорғызды?!
Сол Мұңлықты жиі есіме алам мен.
Атын оның алау етіп жағар ма ем?
Ел білмесе, мен білемін Сол Қызды –
Бірге оқыған Самат деген ағаммен.
Өрім еді. Серігі еді Саматтың.
Қып-қызыл боп қаны аққан қанаттың
Аққу еді. Ел айтады: «Өлді» – деп.
Лақ еді тұратұғын елжіреп.
Соны ойласа әлі... әлі Саматтың
Көздерінде жас тұрады мөлдіреп...
Өрім қыз-ай, өмір сынды шерлі әні!
Бейіштегі періште еді. Пенде әрі...
Ана болып өмір сүру – анты оның.
Уа, Музам! Ізіне түсіп, тарт оның!
Сол Қызбен бір сыпырып шық сен-дағы
Басқарманың конторын!
Ал Уақыттың пәренжесін сыпырып,
Қаһарыңнан кесір кетпес құтылып,
Уа, Муза, не қалайсың – соны істе!
Тірлік қамы... Ғұмыр жасы – он үште,
Басқарманың кеңсесін сыпырып
Жер үстінде жүрді сол бір Періште
II
Өзі лайық болса-дағы артистке,
Еркін беріп соғыс деген зар – күшке
Жүрді еңбектеп... Дәуірі оның бізге – алыс...
Кетті бірде ауыл шулап, мұздап іш:
Басқарманың кеңсесінен тал түсте
Естіледі шырылдаған бір дауыс!
Есік – жабық! Құпияны жыр қылған...
Бала-шаға – соғыс іштен тындырған
Қаумаласып: «Бұл не айқай?!» десті кеп.
Кеңседегі құлын дауысы шыңғырған
Жүректерін пышақ құсап кескілеп –
Тұрып қалды бала-шаға...
Бала-шаға – шерлі жасы мол көзде –
Сорлы болды-ау, сорлы болды-ау сол кезде?!
Тұрып қалды. Қауқары бар не істердей?
Қол-аяғын алмас қылыш кескендей!
Басқарманың кеңсесіне ол кезде
Дию ғана кіре алатын сескенбей...
Бала-шаға қолқа қақсап, қол сыздап
Сорлы болды-ау, сорлы болды-ау сол сында
Қорғалаудан басқа бөтен жол қалмай...
Білді сонда бір пәлені сор маңдай
Білді сонда бір сұмдықты... онсыз да
Дүниенің сұмдығы... аз болғандай!
Бала-шаға ұқсап жансыз мүсінге
Тұрды күтіп! Зәрлі ашу бар – тісінде!
Көрді... сонда, көргені ме – күнәсі?!
Көрген қылмыс! Осы ма еді туасы?!
Самат тұрған сонда көптің ішінде –
Зұлымдықтың бүгін тірі куәсі!
Сорлы Самат!.. Бұл да ішінен тұр тынып,
Бала – жүрек ақ парақтай жыртылып...
Ібілісті көрді көзін ашқанда:
Боп-боз болып шыға келді Басқарма!
Көктен жынын шашатындай жұлқынып
Найзағайлар от бүркеді аспанда...
Ойлай-ойлай үнемі осы һақында
Бір маза жоқ қасіретті ақында,
Көкірекке көктей өксік тірелді.
Сонда Ақсораң албастыдай түнерді.
Біраздан соң... шықты-дағы... Фатима...
Жұртқа қарап өксіп-өксіп жіберді!
Жаны толы – қасірет пен берішке,
Жеңілген қыз жендетпенен керісте
Кетті үзіліп... керілген сым ішектердей:
Еңкіш тартқан... өлер шағы жеткендей...
О, сұмдық-ай! Он үштегі періште
Бір-ақ сәтте кемпір болып кеткен бе, ей?!
Зар иледік – кесапатты кеш біліп,
Соғыс – жендет тілімізді кестіріп
Шошып кеттік сол кесірлі есіктен!
Жаман хабар қашан жетпей, кешіккен
«Екіқабат болыпты, – деп естідік –
Белі шықпай жатып сол қыз бесіктен!!!»
Есік қақты бір күні біреу даладан.
«Не болды?!» – деп атып тұрды жан анам.
«Фатима өлді... босана алмай... баладан!!!»
III
Өткен шақты еске алмаймыз бекер біз,
Қалай ғана соны ұмытып кетерміз?
Кең ғаламда Кесірге жоқ – кешірім!
Енді қайттім? Қалсақ-тағы кешігіп,
Кел қағайық дүрсілдетіп екеуміз
Басқарманың кеңсесінің есігін!
Кел! Айтайық Фучик жайлы... бар адам
Жан ұшырған даусына жалт қараған!
Кел! Айтайық! Айғай болсын жыр біздің!
Соғыс жылы... он үштегі бір қыздың
Босана алмай... өлгендігін – баладан!!!
Кел! Айтайық! Естіп-білсін бар адам!
Кел, үкім мен әшкерлеудің толқыны!
Терең әлі – қасірет пен сор түбі...
Жер алыбың кетер ме екен бір аунап?
Кел! Соттайық үкім кесіп ауыр-ақ,
Басқарманың кеңсесіне сол күні
Кіре алмаған сорлыларды тауып ап!
Сонау соғыс... тұр – тарихта, тұр – есте.
Қорқақтар да – бара алмайтын күреске,
Бәрі есімде, тән мұздап, бой теңселер.
Көргенімді айтайыншы, ел сенер:
Көтер Қолды! Зұлымдықпен күреспе,
Ит жанды адам, – сорлы болғың келсе егер!
Сонда азаптың ащы дәмін білерсің,
Ездігіңе –
Ерше қарап... күлер сұм,
Бетіменен кеткен жынды кілең сұм
Ақыныңды шірітсін де түрмеде,
Аруыңды қатын қылып жіберсін...
Алаш! Мұны есіңе ала жүрерсің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу