Өлеңдер ✍️
Ол келеді әлімсақтан, көнеңнен...
Ол келеді әлімсақтан, көнеңнен,
Сұлу көрсе рахатқа бөленген.
Сұлушашты сол жартастан құлатып,
Шайтанкөлдің түбіне ала жөнелген.
Маза бермей ата-баба бейітіне,
Елдің өзін жібермей жүр еркіне;
Сары шашты жынға айналып кей күні,
Кейде – түсіп сұм заманның кейпіне.
Алаш елін буындырып, алқымға ап,
Төрімізде отырған сол жарқылдап.
Талқан қылып Құнанбайдың мешітін,
Төбемізден ұшқанын айт қарқылдап.
Мейірім жоқ, жоқ онда бір қанағат,
Кейде – қоңыз, кейде ит боп абалап, –
Шықпай қойды осы әзәзіл, қазақтың
Әсем нуын, сұлу суын жағалап.
Бас айырмай – тарқамайды базары.
Асымыз көп.
Басымыз да – қазалы.
Жалтақ сонсоң біздің Алаш басқадан,
Ақыны да басқалардан азалы.
Кезіп муза кәрі жерді,
Әрі мұңды, әрі шерлі
Шайтанкөлдің хикаясын тыңдайды ел.
Тек бізде бар мұндай көл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter