Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  135


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Жаным толы мұңды ойлар, күдікпенен....

Жаным толы мұңды ойлар, күдікпенен,
Сенен басқа ешкімге сүйікті емен.
Жасымды көр жанардан ірікпеген.
Құлап кетпей, әйтеуір, жүріп келем.
Әбден қажып, әлсіреп, жүдеп, арып,
Жүрегімді сағыныш зілі қарып,
Құлап кеткім келген-тін шыңырауға
Көздерімді тас қылып жұмып алып!
Жүріп келем. Махаббат – елес ескі.
Құндақтаулы сырымды неге шештім?
Жүріп келе жатқанның бәрі бірдей
Өмір сүріп келеді демес ешкім...
Кім ұмытса сүйгенін – күнә сонда.
Жүрек кілтін жат жаннан сұрасаң да
Жанарымды тас қылып жұмып алып,
Саған жетіп құлармын – құласам да!
Саған жетіп құлармын...
Қасіретті
Менсіз-дағы қаншама ғашық өтті?
Өліп-өшіп өзіңді сүйген әйел
Қателесіп жүрсе де – қасиетті!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу