Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  124


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

БЕЛГІСІЗ СОЛДАТТАР

Бұл сауал талай жүректі жаралаған-ды.
Соғысқа кеткен, хабарсыз! Манар ағамды –
Берлинде шерім жас болып көзімнен ағып,
Сұрағам мен де Рейхстагтың өзінен барып:
«Ей! Мыстан Мола!
Жалмаған жанары адамды!
Сен-дағы көрген жоқсың ба Манар ағамды?!»
Ол – үнсіз!
Шулап бір үн жүр шыңғырып қана:
«Дүниежүзілік қырғынды бұл да ұмытқан ба?
45-те Нюрнбергте,
Жендеттер жер боп мәңгіріп тұрып қалғанда,
Риббентроп...
Кейтель...
Геринг...
Круптардан да –
Сұрағым келген ұшып тұрып жөргегімнен де:
«Сендер де! Манар ағамды көрмедіңдер ме?!»
Айтпайды олар!
Жатпайды сөз қозғап та әлгі,
Өлтірген өзі, өйткені, сол боздақтарды!
Адамның азап-михнаты – сенгісіз Жерде,
Жер беті толы осындай – белгісіздерге!
Помпей де бізге –
Белгісіз!
Жат үнді – жыры...
Белгілі –
Брюллов:
«Помпейдің ақырғы түні».
Отырар бізге –
Белгісіз!
Марғұлан аға!
Ғаламат шаңқан қаладан қалды ма –
Мола?!
Марғұлан аға!
Қаланың табыттарына
Қарасаң:
Ұқсас Адамның табыттарына!
Тереңде – қала қабірі...
Білгенім, Аға –
Табамыз одан бабамның күлдерін ғана.
Олар да –
Көріп,
Естіген жасындар үнін,
Белгісіз солдаттары ғой ғасырларының!
Құлағымда –
Сол бір шыңғырған боздақтар үні!
Жер асты түгел –
Белгісіз Солдат Қабірі!!!
Келемін ұшып:
Ділім – жыр,
Серігім – проспект.
Москва...
Париж...
Нью–Йорк...
Берлин...
Ташкент –
Жер беті түгел –
Белгісіз Солдат алауы,
Жер беті тегіс –
Белгісіз Солдат алаңы!
Прогресс – Уақыт!
Таң қаламын мен:
Сутегі,
Атом,
Нейтрон бомбаларымен –
Кетіп барамыз регресс доңғалағымен.
Доңғалап кетіп барамыз,
(Таң қалам бір сәт) –
Кері жүретін кесірлі арбалар құсап!
Түс Атом арбаларынан!
Кел, Адам, ізгі!
«Белгісіз ел» – деп –
Жер – Анамызды,
Жер – Анамызды, –
(Атомның ажал күрегі тастаған көміп!)
Біреулер зерттеп жүрмесін аспаннан келіп!!!
Мықты едім – нансаң, ер едім,
Сабырлы едім де.
Белгісіз Қалаларымның Қабірлерінде –
Тұрамын боздап!
Жер –
Қаза таппасын бұлай!
Белгісіз планетадан... сақтасын құдай!!!
...Белгісіз солдат алаңы – адамға толы.
Көзіңмен көру – ғаламат оны:
Бір кемпір келіп жылап тұр.
Ағарған шашы...
Алқызыл отқа тамшылап жанардан жасы...
Бір Ару келіп өксіп тұр он сегіздегі.
Қан-жоса – сұмдық! Соғыстың көрсең –
Іздері!
Мен тұрмын алдын көзімнің басып бір тұман:
Үрейлі ойдан қай жаққа қашып құтылам?!
Ару қыз!
Жүрші менімен!
Мұңлық қарағым!
Эрмитаж деген мұхитқа сүңгіп барамын:
Соңымнан ерді аруым,
Күйкі ойлардың бәрін де қоныштан басып,
Эрмитаж жаққа жөнелдік –
Соғыстан қашып!
О, сұмдық!
Мұнда
Тағы кім
Шақырды мұны?!
Алдымда –
Брюллов:
«Помпейдің ақырғы түні».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу