Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  166


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ТОҚЫРАУЫН

Ақтоғайда – Тоқырауын өзені,
Салт аттыны өткізбейтін өзегі...
Жаз шыққанда осы өзеннің алабы, –
Шет елдегі бейне пляж алаңы.
Шомылғанда қара бала қаптаған,
Қара теңіз астар болмай қалады!
Алпамсадай денесімен топ-толық,
Атылып кеп сүңгігенде оқ болып –
Астанадан келген Төкен көкеміз
Алпыс минут! кететұғын жоқ болып!
О, сұмдық-ай!
Сүңгіп өлу мақтан ба?
Алпыс... бала басады кеп «Аттанға!»
...Төкен көкем күліп шыға келетін
Жағадағы ел жанталасып жатқанда!
Ол сүңгісе біз тұрамыз елеңдеп,
Ол не десе соған көзсіз сенем кеп.
– Мұхитты да, теңізді де көріп ем,
Тоқырауын бәрінен де терең! – деп.
Жүзуші еді денесімен топ-толық,
Атылып кеп сүңгуші еді оқ болып –
Айтқанына дәлел іздеу үшін сол
Алпыс минут... кететұғын жоқ болып!
Ол келгенше... болғанынша екінді,
Біз қиялға батушы едік не түрлі.
Тоқырауынның түбін көріп қайтқанша
Бір сағаттай жүзетұғын секілді...
Судан шығып, отырған соң жартасқа,
Шабыттанып сөйлейтін сол марқасқа.
– Тоқырауын құмға сіңіп... о, ғажап,
Жер астымен құяды екен Балқашқа!
Бұл әңгіме өңің емес – түсіңдей,
Біз тұрамыз аң-таң қалып – мүсіндей.
Құмға сіңіп кететұғын өзеннің
Көлге барып құятынын түсінбей!
Домбыраны қолына алса аңырап,
Шанағында сазды әуендер жамырап, –
Тоқырауын тұрушы еді сол кезде
Манарбектің мақамымен маңырап...
Жағалаудан жеткен талып жотаға,
Неткен сиқыр әуен еді? О, тоба!
...Оның аты «Тоқырауын» күйі еді,
Ол да бірақ түспей қалды нотаға...
Сол ағаның соңынан сан ұштық кеп,
Сол ағамен талай суға түстік кеп.
– Мұхитты да, теңізді де көріп ем,
Тоқырауын бәрінен де ыстық! – деп.
Сүңгуші еді құшырланып кеп көкем!
Ыстық! – дейді... Қызу қайдан жетті екен?
Жаңа ғана шомылғанда салқын су,
Қапелімде қалай қайнап кетті екен?
Сүңгиді кеп, тәні суды сүйеді,
Судың асты таңғажайып би еді.
Бізге қарап айқайлайды көкеміз,
– Тоқырауын – киелі ғой! Киелі!
...Асау жылдар... толқындарша... алқынып,
Асау ағын басылыпты шарқ ұрып:
Төкен марқұм асыр салған бір кезде
Тоқырауын бара жатыр тартылып.
Ақтоғайда – Тоқырауын өзені,
Салт аттыны өткізбейтін өзегі..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу