file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  165


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Емендей болсын тамырың

Еркелеп өскен екі ұлдан кейін, қызым-ау,
Ұяңнан ұшып жүректі тұрсың үзіп-ау,
Баянды болсын бақытың саған кездескен
Сүйгеніңменен жарассын дәмің, тұзың-ау,
Қызым-ау,
Қызым-ау,
Сүйгеніңменен жарассын дәмің, тұзың-ау.
Ақ сүттен ұйып бұзылмай өскен қаймағым,
Мөлдір ең таза жүзіндей ап-пақ айнаның,
Арыңды таза, жаныңды таза ұстай біл
Мәңгілік болсын қосағыңменен байламың.
Қаймағым,
Қаймағым,
Мәңгілік болсын қосағыңменен байламың.
Кеше еді, қызым, желбіреп жүрген тұлымың,
Балдан да тәтті көрінетұғын қылығың.
Теңіңді тауып босаға атап барасың
Ай-күнің тусын оңыңнан саған, құлыным,
Құлыным,
Құлыным,
Ай-күнің тусын оңыңнан саған, құлыным.
Ортаны билер, өжеттеу еді қалыбың,
Қадірлі болғай қайын-жұртыңа, жарығым.
Еліңе барған көгеріп көктеп, өнгейсің
Емендей болсын жапырақ жайған тамырың.
Жарығым,
Жарығым,
Емендей болсын жапырақ жайған тамырың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу