Өлеңдер ✍️
ӨЗІМ ЖАЙЛЫ ТӨРТ ТАҒАНДАР
Демеймін басыма кеп бақ қонбады,
Қайтейін жүйрік кезде бап болмады.
Уақыттан сумаңдаған суға батып,
Ой - Сезім өлеңге көп тоқталмады.
***
Мен сөздің жараландым оғыменен,
Тағдырдың тапқан кезде жоғы кілең.
Қалтырап, жан қызусыз қалғанымда
Жылындым сексеуілдің шоғыменен.
***
Жолым да бола бермей түзу-ақ тым,
Толқында буырқанған жүзіп, ақтым.
Жағаға мен шыққанда көктемім жоқ,
Қарсы алды сап-салқын боп күзі бақтың.
***
Бұл өмір күйдірумен өтегіне,
Көңілдің пәсін алып өтеді де,
Кей кезде қайран басым жетпей қалар
Жоғалған бір затымның өтеуіне.
***
Бұл күнде осы болды өмір деген.
Қалып жүр әрнәрседен көңіл деген,
Тас үйде, тас кеуде мен тас жүректер
Содан соң тас қабырғам сөгілмеген.
***
Бөлісіп бір қасықтан қара суды,
Асып ек қиындықтан бар асуды,
Амал не, екеумізге бұйырмапты
Қаздай боп қатарласып жарасуды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter