file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  164


Автор: Өріс Яшүкірқызы

СЫР БАҒЫМ МЕНІҢ

Орманым болған, бауым да,
Мұзарттай шыңым, тауым да,
Сыр бағым менің жыр бағым
Тартатын ыстық бауырға.
Ауылдың жөні ол- бөтен,
Қаламен келмес теңбе тең,
Неліктен ыстық білмеймін,
Кіндік қан тамған жер ме екен.
Кеземін ойша жайлауды,
Көбейтіп сонша ойлауды,
Белдеуінде Ақ үйдің
Тұр ма деп атым байлаулы.
Қақпақтай қатқан жауырын,
Көрінді-ау күткен бауырым,
Бақшаға егіп келгені,
Биылғы жаздың қауынын.
Сүзіп ап сүттің қаймағын,
Дайындап балдай айранын,
“Шай әзір” дер ме жеңешем
Ағама қатып жайлап үн.
“Алла” боп жалғыз ұраны,
Алдында жайған құраны,
Көрінсе көлік жан әкем
Біздерді күтіп тұрады.
Бітіріп кешкі сауынын,
Алды ма шешем дамылын.
Пілте шам сәуле шашты ма,
Келтіріп үйдің жарығын.
Үйлерді көрші жағалап,
Бәрінен түгел хабар ап,
Жүр ме екен інім шапқылып,
Ағаштан атын сабалып,
Шаң иісі кетіп даладан,
Қи иісі жетіп қорадан,
Апекем жүр ме ошақта
Түтіндік салып жаңадан.
Қымтай бір түсіп жаулығын,
Қара үйдің түзеп баулығын,
Ақ әжем менің жүр ме екен.
Шаңырақтың тілеп саулығын.
Самаурын ап-пақ қайнап бір,
Сексеуіл шоғы жайнап тұр.
Іштегі жарық ақ сәуле
Түңліктен шығар бойлап бір.
Жайлаудың есіп самалы,
Ашылып елдің қабағы,
Бұрқырап еттің иісі
Ортаға келер табағы.
Дегендей “Мынау кім еді?”,
Дәу төбет марғау үреді.
Бесікте жатқан бал сәби
Шықылықтай бір күледі.
Дария тасып іргеден,
Тобылғы тұрар бүрлеген,
Жұпарын шашып ауаға
Жиделер тұрар гүлдеген.
Боз үйден шығып бозбала,
Көрші үйге қарар қозғала,
Саңлауынан көрші үйдің
Бойжеткен қарар наздана.
Толқындар соғып сағаға,
Ақ сазан шоршып жағаға,
Тұмсығын суға сүзеді
Сұңқылдап күміс шағала.
Толқынмен қайық ырғалар,
Ескегі желмен сырғанар.
Су бетінде сан сәуле
Екеудің жүзі нұрланар.
Нұр шашып Айдың қияғы,
Сыбдырап майса миялы.
Қыдырып жүрген қос жастың
Алысқа кетер қиялы.
Яксарттан таныс сырларың,
Аңыз боп жеткен жырларың,
Сырдария мені сағынтар
Жыр бағы болған- сыр бағым.
Орманым болған, бауым да,
Мұзартым болған тауым да,
Сырдариям- сыр бағым
Ыстықсың содан бауырға.
***
Есілде жүріп Сырды ойлап,
Әңгіме жазып жырды ойлап,
Ұстаған қалам бір қызбын
Орманды көрсем қырды ойлап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу