file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  187


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Қара Ләйлек

Қара ләйлек, құсым-ай тірі екенсің,
Баяғы көрген жерде жүр екенсің,
Мен әулеттен жалғыз боп өсіп, өнсем
Сен де құстың дәл мендей бірі екенсің.
Сен де адамдай екенсің жаның сірі,
Дәл өзіңдей жоғалды құстың түрі,
Ата-тектен өрбіген қанаттым-ай,
Қара ләйлек сен едің құстың пірі.
Жүр екенсің көзі боп ескі жұрттың,
Естідім де, көруге есті құрттың,
Жан-жүйкемді босатып ағыл-тегіл
Жеткенімше Тарсайға көзді сүрттім.
Сусыл қанат, ақ төсті, қара құсым,
Аман шыққан тар кезден тарамысым,
Шыңғыстауды бетке алып мен келгенде
Ұя басып, жұмыртқа жарамысың,
Қасиетті ең,
Аққудай киелі едің,
Басыңды кеп Тарсайға сүйеп едің,
Ашаршылық жылдары ұяң өспей
Тағдырын бір көтердің сүйем елдің,
Мен де адамның тектісі емес пе едім,
Сен де құстың тектісі емес пе едің,
«Тарсайда жүр, ұясы бар» деп естіп
Мен де келдім,
Әтпесе кемес пе едім.
Қызыл тұмсық, мойны ұзын, сүйір қанат
Тарақ құйрық, ақ бауыр ұштың жанап,
Қара ләйлек, құсым-ай кездестік-ау
Фотоапарат, қайда екен фотоаппарат.
Сескендің бе, құсым-ау, шыр айналдың,
Көрген сайын өзіңді шырайландым.
Өзіңе де, ұяңа тиіспейміз
Ұяң жаққа қайта ұшып, бір айналғын.
Дегіберсіз, дәрменсіз құсым менің,
Талай жыл сағынышым, түсімде едің,
Ата -бабам көзіндей жарқ еттің-ау
Қауіппе екен суретке түсіргенім.
Қара ләйлек, тағы ұшшы құсым менің,
Әдейі келген бітсін ісім менің,
Қанатыңды кеңірек жая түсші
Ескерткіш боп қалсын бір түсіргенім.
Қашаннан аңыз болған киелімсің,
Қара ләйлек, мен сүйсем сүйерім шын,
Туған жерге келгенде алдымнан шық
Құс болсаң да ескі көз сүйенішім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу