Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  170


Майса

МАЙСА МЕН САЯДІЛДІҢ АЙТЫСЫ

Өрнекті үгіт бастау ұлы тойын,
Көрсетпек көркем затын көптің ойын.
Паратқа барлық адам жиналғанда,
Жаһанның жадыратқан тұл бойын.
Әркімнің жүрегінен тасқын қозып,
Айқайын шырқағанда көкке созып,
Тотыдай топ ішінде Майса қыздың
Әндері үдетпелі басқан озып.
Дауысы қарлықпайтын ән созымға,
Мекені Колашник қалқозында.
Атақты Алатаудың әншілерін,
Жел сөздің жеңген талай жампозында.
Шағылған жүректері ақын батпай,
Жүретін топ сыртында ештеме айтпай.
Сезімнен өлеңшіні бездіретін,
Жаныңды түйрегенде жез тармақтай.
Майсаға табылмайтын өлең теңі,
Айтайын енді кім бар көңілдегі.
Шіркінді Саяділмен шайқастырып,
Байқасақ деп жүретін, әттең, сені.
Ақынның жері бар ма жоқталмаған,
Ойланбай айтыс десең тоқталмаған.
Саяділ келе қалды сайтандай боп,
Қойнында ақ домбыра топқа арнаған.
Әркімді мақтан өлең айтатындай,
Бір қонып сол қалқозға қайтатындай.
Алдынан Майса соның ұшырады,
Жалыны жанып тұрған жай тасындай.
Іздеген сұрағанға тап болғандай,
Алқымы Майса қыздың қап болғандай.
Өлеңді түйдегімен соғады кеп,
Отырды үйірмелеп жұрт қозғамай.
Майса:
Майсаның даңқы мәлім кішкентайдан,
Дауысы шырқағанда талай сайдан.
Ары өтіп құлағыңа естіледі,
Келмейді айтысуға көңілі тайған.
Шөкітай, Үмбетәлі тағы-тағы,
Жүргені безер болып осы жайдан.
Алдыма ажал тартқан киіктей боп,
Саяділ, жөніңді айтшы, келдің қайдан?
Саяділ:
Сыпыртып томағамды Алатаудан,
Бүркіттей түлкі көрген ұштым заудан.
Жайылған Жетісудың сағындағы
Сұңқардай алдым тоят қоңыр қаздан.
Бөктерлеп осы таудың мен сағасын,
Жүйріктей көсілемін баурын жазған.
Біздерге қыз дегенің қызыл түлкі,
Төктеріп қанжығаға байлап алған.
Майса:
Алыстан түлкі болсаң шаң беремін,
Түнемел түздің құсын тең көремін.
Жарасаң аң алуға түбінде бір,
Жая ма тоятыңа жал беремін.
Жарамсыз бөденеге қырғи болсаң,
Тақ-тұқтай керегіңе нан беремін.
Бұлт етсем тасқа түсіп,
Бір кегім Майса қызда бар демегін.
Саяділ:
Сырыңды түйдім сенің, ақын Майса,
Даңқыңды дәріптейді халқың жайса.
Жылқыдай дара шапқан әуселең бір,
Шаң тимес жүйрік болсаң енді байқа.
Көргенде айнымайтын ақиықпын,
Соғамын қиғаш келіп қолдан тайса.
Тартқаның таңдайыма талшық болмас,
Қаймағын қалқып, сөздің майын шайқа.
Майса:
Елімде аға құрбы, бар замандас,
Тұсыма талай менің құрған малдас.
Бәйгеден дара келген әлденеше,
Жүйрігің мың да болса бір шала алмас.
Бір қабат аңлаусыз жазым көрмей,
Қыраның ... тіпті ала алмас.
Біреудің табыт қойдың дәмесіне
Айтпағын ондай сөзді, аузыға тас.
Саяділ:
Қашаған безбе жүйрік өлең қусаң,
Қолыңда бұғалығың дайын тұрсаң.
Бойында қаруы бар жігіт құсап,
Қайырын асау сөзді алып ұрсаң.
Дау бар ма онда саған айтатұғын,
Болады мақтағанға сөйтіп сисаң.
Қарғысың маған деген саған болсын,
Ілінбей бір тарпуға сен жығылсаң.
Майса:
Өлеңді жұрт таң қалған айтуыма,
Аударып айтысқанды тартуыма.
Тарпуың тай тепкендей болса-дағы,
Сен менің шыдамайсың қарпуыма.
Шамаңа шалқайсаң да шіренбедім,
Мен саған өлеңімді үнемдедім.
Көп түсіп сайыскердей арын алған,
Ақынмын аударысып жүрер ме едім.
Саяділ:
Қызбенен сондай жақсы аударысқан,
Емеспін мен дұшпаның жауланысқан.
Сізбенен бірге ойнап, бірге күліп,
Өмірде қандай қызық бауланысқан.
Майсаның көңілі кімде бар екен деп,
Естідім бір ақынға зар екен деп.
Болайын бол десең де мен сенікі,
Басқаны елемегін жан екен деп.
Майса:
Осы күнгі еркектің бәрі мәлім,
Өте-мөте бәрінен ақын зәлім.
Күнде жанын біреуге елжіретіп,
Соғыс жүрген өзінше бір әусәлім.
Аузыңдағы ақық жыр тізген моншақ,
Әр затыңмен танысып үйір болмақ.
Сенен басқа пендені жан демейтін,
Сен кім едің, білдің бе, бір қызғаншақ.
Саяділ:
Қыздың жолы жіңішке, із қалайтын,
Сондай ізді бозбала бағалайтын.
Қыз сайқалы меншікті жар болмайды,
Әлдекімге аударып көзқарасын.
Сондай қыздан сақтанып жүрген басым,
Алмай тұрып әркімді қызғанатын.
Қонарында қолыма қитықтанып,
Сабалаған талай қыз түз қанатын.
Майса:
Еңбекке біздің қалқоз ұйымдасқан,
Қыз кетті жалқау ұлға бұйырмастан.
Болмаса шақыртқышы құс қона ма,
Сөйледің бейпіл ауыз ұғынбастан.
Жағдайсыз жаман жерге бармаймын деп,
Талай қыз сыртыңда жүр сыбырласқан.
Соның бірін еңбекпен шақыра алмай,
Бетіңнен өстіп ұят жыбыр басқан.
Саяділ:
Әр сөзің сүйегіме шын батқандай,
Жойылмас арзан баға қымбаттанбай.
Қойнымда еңбек тәбіл кнежкем бар,
Көзіме оттан ыстық нұр мақпалдай.
Ыласқа шайнау тілің үйір екен,
Денеге баттастырып кір жаққандай.
Сіздің де мінезіңе сын теңемес,
Көңліңе ауыр алма мың батпандай.
Майса:
Бет алды жалған сөзді жақтырмаймын,
Бойыма болмағанды жапсырмаймын.
Мінімді ойымдағы дәл таппасаң,
Өріне өтіріктің бастырмаймын.
Қамданып қашағандай бұрын көрген,
Сен білсең сезігімді татырмаймын.
Састырып айтатұғын жауабыңнан,
Мен қусам адымыңды аштырмаймын.
Саяділ:
Қаланған қарпыменен өлең шымдай,
Қалыпқа түзулігі тартқан сымдай.
Сақамен сөз дәнейін ашқаннан соң,
Айқын-ақ отырасың болып жұрдай.
Өлеңге сонда мәлім жетік болсаң,
Қаруын қайтарасың қайқақ қылмай.
Сұрайтын осы жерден сауалым бар,
Жауабын беремісің тап жылжымай.
Майса:
Сауалын сауаты көп сонда шығар,
Біз білмеген кітаптың томы шығар.
Аттанып асығыспен тез қайтатын,
Аттың жалы, түйенің қомы шығар.
Ұнаса ұсынғанда халайыққа,
Жігіттің тон ішінде жөні шығар.
Сауалдың сондай қиын таразысын,
Басалмаған салмақтың сөзі шығар.
Саяділ:
Тартылса таразыға сөздің сыны,
Тұрады басыңқырап көптің ығы.
Бұлжытпай мағынасын дәл тексеріп,
Анықтап аударады істің ығы.
Егілген егін иіп мезгілімен,
Бүркітпен дәнін бүркеп тұрса қыны.
Уқалап бір түп бидай алақанға,
Бағалап алғаныңда қанша құны?
Майса:
Бағалап ал дегенің әл емес пе,
Адамның әл-дәрмені дән емес пе?
Қорегі көздің нұры көңіліміздің,
Өмірдің бір түп бидай нары емес пе?
Ажарын екі беттің кіргізеді,
Күе көріс, тірлік, қуат бәрі емес пе?
Жанға тең жетпіс нанның бағасы бар,
Еткенім осылай деп діл емес пе?
Саяділ:
Жеткізді шын мақсатқа қыз бидайын,
Таба ма тапсырмаса сөз ыңғайын.
Үнемі үзілдірмей тез қайтарып,
Жауапты жалықтырма берген сайын.
Табанда айтқан жерден тауып бермек,
Ешкімнің назарында тұрмас дайын.
Төрт неге қажет, зәру жұртқа,
Білсеңіз түсіндірің бізге жайын.
Майса:
Түкпірі дүниенің ке болады,
Келмекке кемеріне ел қонады.
От пен су, тұз, бидайдың мәртебесі,
Халықтың қажетіне тең болады.
Жаратып адамзаттың жарағына,
Бірі себеп біріне ем болады.
Осы заттың біреуі болмағанда,
Тұрмысың әр мүшесі кем болады.
Саяділ:
Қыран едім қырғидай сөз ілетін,
Тобын қуып, торғайын бездіретін.
Қарындастың қапы жоқ отқырында,
Тапқырлығын тартынбай сездіретін.
Өлеңшінің міндеті өзге жаннан,
Не керегін өзіне тез білетін,
Бес нәрсенің адамға жұлдызы ыстық,
Ажыратып айтып бер қасиетін.
Майса:
Жылқы адамның қауырсын қанатындай,
Ешкі мен қой тұрманның манатындай.
Алыс жолға түйемен жүре тартқанда,
Мұқтаждығын ңілден табатындай.
Мана көнек мал құты сиыр малдың,
Сүт бұлағы ертеңннен ағатындай.
Бес түлігі пенденің қасиетті,
Қадағалап өсіріп бағатындай.
Саяділ:
Қалқоз бір мүшесі Майса тегің,
Осы еді бағанадан қойған шегім.
Мал мынау жер қайысып ырғып жатқан,
Ту тігіп алабына жайқалды егін.
Күн құсап көктемдегі күркіреген,
Алуанын біз көрдік машиненің.
Қондырып мұндай бақыт басымызға,
Жандырған кім болады ел еңбегін?
Майса:
Дүниені айналдырған асыл кілт,
Отырған ... жетім жігіт.
Еркектің адалдығын өзгертуге,
Еңбектің жетеді ізгі туын тігіп.
Жанғанын еңбегімнің білгем сонда-ақ,
Шындығын .... қоғамға нақ.
Мүмкін болса сауалдың бер кезегін,
Тең созуға жүлдемді жеткен уақ.
Саяділ:
Өлеңді он жасымнан айттым ән деп,
Жүйріктей домбырамды бақтым сән деп.
Есікке отырсам да, жоғары шық,
Пешенеме өзімнің біткен дәулет.
Әйел бала, затыңды сыйлағанға,
Асқынып, артықсынып кетпе дендеп.
Кезегіңе келетін таласым жоқ,
Мен күтуші, айта бер, сіздің нәубет.
Майса:
Айтысалық, Саяділ, сөзге қыза,
Аударатын біріміз шепті сыза.
Алыс беріс арадан үзілмеген,
Болып қалдық екеуміз өлең құда.
Аларыңда болып ең алман-жалман,
Бергенде келгенде бекем шауа.
Айтпай түсіп адамға танытатын,
СССР-дің белгісі не екен, сірә?
Саяділ:
Өнеріңді менімен салғасып ал,
Әр нәрсенің ағымды арнасы бар.
Қадым ханнан, халқымнан үзілмейтін,
Одақ елдің орталық жалғасы бар.
Жер жүзіне әйгілі айтпасам да,
Айшықтанған әлемге тамғасы бар.
Маңдайының алдында танытатын,
Алтын орақ, ақ күміс балғасы бар.
Майса:
Бұл жаһанда бір шам бар сөнбейтұғын,
Өшіруге өрті зор көнбейтұғын.
Бүкіл әлем қолына ұстап соны,
Ғажайыбын пенде жоқ көрмейтұғын.
Жанған сайын жер жүзін жарқыратып,
Сәулетіне аспан жоқ төнбейтұғын.
Ұзақ мың-мың молынан жыл жасайтын,
Ол не зат деп ойлайсың өлмейтұғын.
Саяділ:
Шам дегенің қағазға жазылған хат,
Оқуына дүйімнің бар лұқсат.
Не біреудің ерікті ерлігінен,
Атын айтсаң халықтың көңлі құрсант.
Тас баспайтын тозбайтын ісі көріп,
Мойныменен қылғандай жұрт ибадат.
Даналықтан табылған өнер, білім,
Деп ойлаймын өмірі өлмейтін зат.
Майса:
Өнер қонып, көкейдің көк сазына,
Сөздің қанып тойғандай сырбазына.
Шебер істің шеңберлі сый табағын,
Тартылғандай әркімнің өз алдына.
Ада болмас алғанда сондай кеніт,
Төңіректің төрт бұрыш тұрманына.
Өтіп қайнап өмірі сарқылмаған,
Не нәрсе деп ойлайсың бір қазына.
Саяділ:
Ақиқатқа адамзат анық сенбек,
Тұқым шашып, қамданып, егін екпек.
Бейнетіңе бедеге берілгендей,
Сеніміңді сендірем мен түгендеп.
Жанданып жаз шырайын көгергенде,
Шегендей мейірбанды жер желіндеп,
Алған берген, жегенге таусылмаған,
Деп ойлаймын қазына болады еңбек.
Майса:
Әңгіменің әдеті туарында,
Сөз күтеді не түрлі борауыма.
Талай ғасыр жер бетін басып өтті,
Түбегендей бір қалтқы қалауы да.
Талай ғасыр толқынын тоздырғанша,
Шық тимеген сияқты шылауына.
Бір қалпында тұра ма жер осымен,
Суытпай бер баға сұрауыма.
Саяділ:
Жер тоймайды жеміне түлкі құрсақ,
Күн нұрына сондықтан ол жалынсақ.
Бір ғасырды, дәуірді жалмағанда,
Бөліп-жарып жегендей бір бауырсақ.
Табиғаттың сан түрлі құбылысы,
Бірі бермек, бірінен бірі алмақ.
Қарым-қатынас өзара күш жалғасып,
Тозығымен өседі сырын ұқсақ.
Майса:
Екпініңді байқадым баталмастан,
Қағысқанда қалыспай қапталдасқан.
Айқайыма дауысың бап келеді,
Қабуындай шапанның астарласқан.
Нәубет алып сен менен тіл безедің,
Тілден алып сен қашан жолды жедің,
Өр жағына өлеңнің шыға бермей,
Берші маған сауалдың бір кезегін.
Саяділ:
Өлеңіңді ұйытқып жаңа соқтың,
Дүрілі бар өзінше жанған оттың.
Сенен кезек болса да дәмең мәлім.
Сауалыңа жауапсыз қалған жоқпын.
Жүйрік еді қиялың жүгіртетін,
Алдын бөгеп әр сөздің күйрететін.
Бір кезекке таласып қалай қалдың,
Айтшы, болса сауалың мүдіртетін.
Майса:
Бар бөгетін алдында балталаған,
Ортасынан қақ жарып баршалаған.
Өзі қамбыл жаратпақ қажетіне,
Өйтпейінше құмары тарқамаған.
Күнде аударып қонысын қондыруға,
Дамыл көрмей танысын арқалаған.
Жүксіз тұрған арқасын бір көрмейсің,
Немене деп ойласаң шаршамаған.
Саяділ:
Бітеу істі шабатын балта бадыл,
Жарылатын қарсы күш таппай тақыл.
Жаңа жұртқа танысып қонған ауыл,
Жасыл барқыт жүкпенен қам ғып жатыр.
Дүниесін меңгерген өз күшіне,
Диірмендей дөңгелеп тартады әсіл.
Жүрсе тұрса бір минөт бос тұрмайтын,
Ең данышпан дүниеде деймін ақыл.
Майса:
Ақыл, көңіл айнала дөп-дөңгелек,
Айла сезім арбасқан қиял демек.
Намыс бермей, ар бермей адамшылық,
Қызмет орны істейтін болса бөлек.
Ел жемейді, осылар шай ішпейді,
Тоятына нендейін азық жемек.
Қарны ашпайтын қай жерінде,
Алатынын айтып бер неден керек?
Саяділ:
Көңілім қанық Маркстің ғылымына,
Сүңгігендей айдынның тұнығына.
Жылдан жылға үйреніп, қаздай жүзіп,
Малтып қиял ойнайды ойығына.
Сезім ауқат әлінше алып жейді,
Жоғын қылып жұтқанын жұмырына.
Ғылым теңіз, ақылға азық болған,
Қуат қойып өмірлік ұғымына.
Майса:
Қалың нөсер жауғандай қатқан күнге,
Түзелмеген зат бар ма басқан тезге.
Бастау науа бақырмен суғарсаң да,
Мезгіл осы қанбайтын құлақ сөзге.
Қызығына тоймайтын дүниенің,
Көл көсірін әкеліп тартсаң көзге.
Жалықпайды неліктен көздің нұры,
Тағы көрсем дегендей тағы да өзге.
Саяділ:
Өң тамаша өзгергенде,
Дүниені тоймайды көз көргенде.
Құлақ сөзге қанбаған құмарлығы,
Орайына оралғы тез бергенде.
Рабатқа жасанды айландырып,
Іспен жеңіп ер еңбек меңгергенде.
Нысанаға тұрғызған дүние жауын,
Күнде соны сөз керек ел мергенге.
Майса:
оралады оңына күн мен ай да,
Біздің халық қазіргі осы жайда.
Бұл дүниенің жиһазы аспан әлем.
Біздің мекен отырған кең сарайда.
Мұнан артық пендеге бақыт пенен
Бітпейтұғын білдің бе дәулет қайда?
Таңдайыңа татқан дәмді кәусар,
Тәтті нәрсе не болмақ осындайда.
Саяділ:
Кең сарайдың бақ-дәулет парқын білсең,
Елдің жаңа саналы салтын білсең.
Келешегі кейінгі жас ұрпақтың
Өмірінің өнерлі қалпын түйсең.
Болашағын болжалдап ойыңменен,
Жадыраған қабақпен жарқын күлсең.
Ең қызықты дүниенің тәттісі деп,
Жас баланың айтады бетін сүйсең.
Майса:
Жайлауына жаңа жұрт ауыл қонған,
Жатырқаусыз ағайын бауыр болған.
Тау көтеріп, табандап лақтырып,
Ту малақай жұмыскер қауым қолдан.
Бір жүйеден сан құт құралады,
Мәшинедей толқыны бұралады.
Адамзаттың ақырғы айнымайтын,
Ең ұстамды не болмақ тиянағы?
Саяділ:
Адамда арман бар ма туса бүгін,
Біледі бір данышпан істің түбін.
Құлпырған қызғалдақтай етті мені,
Елімнің еркін еңбек ұл мен қызын.
Аршындап аттағанда алға басып,
Шарлаған біздің халық дүние жүзін.
Е соңғы адамзаттың тиянағы —
Аңсаған бүткіл дүние камунизм.
Майса:
Жасайтын камунизм ел қоғамын,
Аңқыған хош иісті жел соғады.
Тегістің дәуірінің өткелінде,
Халқымның мәртебесі тым жоғары.
Саяділ, сауатыңа газет оқып,
Інжудей жүрегіңе кеше тоқып,
Білімің өсе берсін барған сайын,
Аяғың алған бетке желе жортып.
Орнады тегістіктің босағасы,
Болмақ ертең бізде қос ағасы.
Ілгері сәтті сезім жасай берсін,
Өмірдің өте қызық осы арасы.
Саяділ:
Тілімнің қамшы басып тұлпарына,
Майсаны алған жоқпын шынтағыма.
Сұрадың қанша сауал, сонша шештім,
Кейінгі мақтан болсын ұрпағыма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу