Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  151


Автор: Ұлбике Жанкелдіқызы

ҰЛБИКЕ, ЖАНКЕЛ ЖӘНЕ КҮДЕРІ ҚОЖА

Көктемде Жанкелдің де, Ұлбикенің де елдері қыстаудан жайлауға көшеді, сонда Жанкелдің көш-жөнекей келіп,
Ұлбикеге тиісіп айтқаны:
Көк қамыс құрақ-құрақ сайда болар,
Көп жылқы көк алалы байда болар.
Келіп ем Ұлбикеден сұрағалы,
Кешуі Көкөзектің қайда болар?
Ұлбике:
Жүрмейсің, Жанкел кедей, аттай жарап,
Келеді әкең қақпас алдыңды орап.
Жылқың өтпей бара ма, жазған кедей,
Кешуін Көкөзектің менен сұрап?
Жанкел:
Бұлғаймын қамшым сабын қарағанға,
Көрінер айғыр сұлу жарағанда.
Шырағым, бұған неге шамданасың,
Кешуін Көкөзектің сұрағанға?
Ұлбике:
Бұлғаймын ұршық сабын қарағанға,
Көрінер шашым сұлу тарағанда.
Қолыңда жетелеген қотыр тай жоқ,
Кешуді таң боп тұрмын сұрағанға!
Жанкел:
Адамның бәрі бірдей барабар ма?
Ақын деп мақтаныпсың санағанға.
Алдағы жел қайықты суға салғын,
Жұрт өтсе, Жанкел өтпей қала ала ма?
Ұлбике:
Жел қайықты көрсеттің шамаларға,
Бұл сөзің үлгі болар тамаларға.
Жел қайық жер аударып, толқын қауып,
Қалмасын аузың толып қара қанға?
Жанкел:
Мен жаяу, қыздар атты жаяуласам,
Артыңа қарамайсың, аяуласам.
Аударып жел қайықты жаным жоқ па,
Мініп ап ортасынан таяуласам.
Ұлбике:
Жоқшылық кәрілікпен жолдас екен,
Болғандар оған жолдас оңбас екен.
Айтысып бұ кедеймен кім тұрады,
Жүрмесек көшті тартып болмас екен.
Жанкел:
Жайыңа жігітшілік қоймас екен,
Ұлбике, сөзіңе жұрт тоймас екен.
Тарап жүр ел аузында бір әңгіме,
Ұлбике Күдерімен сырлас екен.
Ұлбике:
Салады қойшы қойын алқа-қаққа,
Мінеді құдай сүйген алтын таққа.
Бір итті итаяқтан тойыпты деп,
Келіп пе ең итаяқтан жаламаққа?
Жанкел:
Құйрығы боз шолақтың бөденедей,
Өлгенді опат дейді кенегендей.
Ұлбике, итаяқты дайындай бер,
Тіліңді шешендетіп сермелемей.
Осы кезде Жанкелдің көші кеп қалады, көш сиқы өте кедей, жамау-жасқау екенін Ұлбике сөз етіп, былай дейді:
Ұлбике:
Көшіңді көрдім, Жанкел, мәздемідей,
Шайлаңыз тесік-тесік қазған көрдей.
Тарығар бала-шағаң сусын таппай,
Қондырған мәздеміңді, Жанкел кедей.
Жанкел:
Жігіттер, мал адамның тегі екен,
Ұрса таяқ, сөйлесе сөзі екен.
Аузыңмен құс тістесең дәнеме жоқ,
Барға – бал, жоққа – қапа дүние екен.
Ұлбике:
Сен кімге, Жанкел кедей, жағып жүрсің,
Өріске қой-малыңды бағып жүрсің.
Ордаңдап оқпақ құстай сүйкімсіз боп,
Қаңғырып қараңғыда неғып жүрсің?
Жанкел:
Ұлбике, қуанамын келгеніме,
Сен едің қалағаным, гүлдерім де.
Қолыңа қаршығадай қондырсаңшы,
Ордаңдап оқпақ құстай жүргенімде.
Ұлбике:
Жанкел-ау, ниетіңді арам қылма,
Қайың тең бе қадірсіз тораңғылға?
Қасқырдай ит талаған арсыз кедей,
Қаңғырып жүре берме қараңғыда.
Жанкел:
Қазаққа аты шыққан мәшһүріңмін,
Мен болдым саған ғашық жас күнімнен.
Көгенде сен бір жатқан бағлан қозы,
Аңдыған қараңғыда қасқырыңмын.
Ұлбике:
Жанкел, сен қасқыр болсаң қабысарсың,
Қоймастан қозы көрсең, жабысарсың.
Ел келсе, сендей қасқыр ебін таппай,
Далада тасбақа жеп қарысарсың.
Жанкел:
Жортамын көк бөрідей түн өткізбей,
Жақындат көңілің болса тілеткізбей.
Құшақтап қу тіземді жата алмаймын,
Барасың құмарыма бір жеткізбей.
Ұлбике:
Қаңқылдап қара қарға жыл шықпаған,
Қу кедей, қай ісің бар қырсықпаған.
Жаныңда жасауылың бар ма, кедей,
Жаныңды қысы-жазы тыншытпаған.
Жанкел:
Ұры едім төмендегі жасауылға,
Кеп едім шығайын деп осы ауылға.
Жағамды жасауылдан бір босатсаң,
Жүрер ем ұмытпастан ден сауымда.
Ұлбике:
Сал Жанкел, қай ісіңмен теңгелгенсің,
Түрткен соң жасауылың жөнелгенсің.
Жігіттік қай адамның басында жоқ,
Ұятсыз шыли өзің өлерменсің.
Жанкел:
Ойы жоқ оттап қайтар өлерменнің,
Түртпесе жасауылым келер ме едім?
Ас ішер ауыл жақын деген кәне,
Көзімнің бір көрмедің телміргенін.
Ұлбике:
Бар ма екен, Жанкел, сендей жазған адам,
Ақылы тек жатсайшы ауған адам.
Қуалап кедей сорың келтірген ғой,
Қамшы жеп қараңғыда бозбаладан.
Жанкел:
Ұлбике, сізге керек бізде бар-ды,
Жұмыстар бізге керек сізде бар-ды.
Салт екен Адам ата бабамыздан,
Қыз десе жігіт халкы іздеп алды.
Ұлбике:
Жазықты жасаулыға болдың пенде,
Түрткен соң жасауылың келгің келді.
Саны жоқ адамдыққа, арсыз кедей,
Пайғамбар Адам ата болғың келді.
Жанкел:
Хан да асық, қара да асық бір басыма,
Жөні жоқ қарамаймын ұрғашыға.
Бай болсаң байтал майын бермейсің бе,
Сөзіңнің пайдасы жоқ, мырзасынба.
Ұлбике:
Жанкел-ау, іздегенің байтал ма еді,
Құмарың байтал мінсе тарқар ма еді.
Байталға жуасырақ жармаспасаң,
Біздің байтал тебеген, тарпаң еді.
Жанкел:
Ұлбике, іздегенім тарпаң еді,
Құмарым сонан өлсем тарқар еді.
Тарпаңның шоқтығына қолы жетсе,
Кеудесін Жанкел бейбақ артар еді.
Ұлбике:
Қу кедей, өлең айтсаң, қасқарасың,
Қамысты қара өлеңмен жастанасың.
Басқа елде сен секілді бойдақ жоқ па,
Арың жоқ, бірақ өзің масқарасың.
Жанкел:
Жарлымын, жалғыз құдай миятым-ды,
Қыздардан аямаймын құр атымды.
Мәнісін масқараның білмеймісің,
Өзіңнен тілегенім ұятың-ды.
Ұлбике:
Көшуге көшпенді ел боп қуатың жоқ,
Көреді көлді көзің, суатың жоқ.
Шабасың айға абалап арыстандай,
Бетіңде арың да жоқ, ұятың жоқ.
Жанкел:
Аулыңа Жанкел тағы бір барады,
Шиқанын толықсыған бір жарады.
Айтқанын бұрынғының білмеймісің,
Ұялған әр нәрседен құр қалады.
Ұлбике:
Сен де бір, арсыз кедей, ұялсаңшы,
Нәпсіңді алаңдамай тыя алсаңшы.
Қолың жетпес бойыма аузыңды ашпай,
Тілесең ат алсаңшы, түйе алсаңшы.
Жанкел:
Ұлбике, ат алайын, түйе алайын,
Кедейліктің несіне ұялайын.
Төсіңдегі қос алмаңнан бір сипатсаң,
Төрт түлік мал алғандай қуанайын.
Ұлбике:
Елеңдеп кедей деген есірер ме,
Басынан өткен істі кешірер ме?
Пайдаң болса, өзіңнің басыңа қыл,
Кедейдің әуесім жоқ кесіріне.
Жанкел:
Ұлбике, менің сізге әуесім көп,
Сөз – шырын,ойым – бақша мәуесі көп.
Бұлбұлдай гүлсіз жерге қона алмайтын,
Жанкелдің Ұлбикеден дәмесі көп.
Ұлбике мен Жанкел осылай айтысып жатқанда, бұрын
Ұлбикемен айтысып, одан жеңіліп жүрген Күдері қожа
Жанкелдің артына барып, бой тасалап тыңдап тұр екен.
Сонда Күдеріні көріп, Ұлбикенің айтқаны:
Жанкел-ау, ұста болдың құрамаға,
Айтылды талай өлең сыбағаға.
Орныңнан тұрмаймысың, Жанкел кедей,
Артыңда қожа емес пе құба бала?
Күдерінің Жанкелге айтқаны:
Қыздар бар қыздардан да қырғи теңі,
Өткен соң жігітшілік кім бүйтеді.
Берсеңіз тұрып орын, Жанкел аға,
Біз де айтысып көрейік Ұлбикемен.
Жанкел:
Қыздар бар қыздардан да қырғи теңі,
Өткен соң жігітшілік кім бүйтеді.
Кішкене сабыр қылып отыр, тақсыр,
Берейін басыменен Ұлбикені.
Ұлбике:
Жанкел-ай, тілің айыр, басың жалпақ,
Бір сөзің әлгі айтқан кеттің шалқақ.
Берейін Ұлбикені басымен деп,
Билей ме Ошақтыны қарақалпақ?
Жанкел:
Таксыр-ау, білмеп едім сізді бұрын,
Ұлбике салған екен көздің қырын.
Қарақалпақ серкесі, тақсыр қожам,
Сіз бер десең бермейін неғып орын?
Күдері:
Білмедің, Жанкел, менің келгенімді,
Келдім деп айтпап па едім мен жөнімді.
Құрметтеп Күдеріні сыйласаңыз,
Иман тап, Жанкел аға, өлгеніңде.
Жанкел:
Қайта алмас тұлпар басы тасқа ұрынбай,
Неғып орын бермейін, тақсырым-ай.
Жанкелдің кінәсі өтсе, кешіре гөр,
Мүридіңді айтпағайсың пәс қылып-ай.
Күдері:
Замана алдымызда кызыл түлкі,
Ғанибет тіршілікте ойын-күлкі.
Төрт-бес жыл болып кетті көрмегелі,
Бармысың аман-есен, ау, Ұлбике?
Ұлбике:
Қожаның арғы атасы барды Мекке,
Баласы сұңкар құстың азды жеке.
Сағындық, көрмегелі бес жыл болды,
Келдің бе аман-есен, ау, Қожеке?
Күдері:
Ұлбике, Бақтиярдан сенің затың,
Жайылған бар халыққа Ұлбике атың.
Кітаптай айтқан сөзің мәнді болған,
Туар ма мұнан артық перизатың?!
Ұлбике:
Қаралы қарайғанға, қарағым-ай,
Аспалы қылыш еді жарағың-ай.
Жабығып отыр едім мен қор болып,
Қазанат қайдан келдің, арабым-ай?
Сайраған баудың көркі, бұлбұлым-ай,
Барады қапалықпен бұл күнім-ай.
Ағарып атқан таңдай қайдан келдің,
Қыраны қаршығаның тұйғыным-ай.
Шығады тоғай барған балтаны алып,
Не кетпес балта тисе жаңқаланып?
Көргенде ана жылы жас бала едің,
Келдің бе аман-есен Арқа барып?
Күдері:
Қайтады саудагерлер Құман алып,
Тәшкенге қатынайды жылда барып.
Ұлбике, ойымнан еш кетпедің ғой,
Сонда да ақыл-есім мұнда қалып.
Ұлбике:
Алдайсың Ұлбикенің жүзін көріп,
Сарғайтты кеткен жолың ұзын болып.
Тақсыр-ау, Ұлбикені ұмыттың ғой,
Арқаның ақ мамықтай қызын көріп.
Күдері:
Мен нағып сен сөйлесең езілмеймін,
Арқада қыз жоқ екен өзіңдейін.
Әр елде беті тегіс толып жатыр,
Балқытар сөзі қайда өзіңдейін.
Ұлбике:
Арқадан тез келмедің барсаңыз да,
Есіңе Ұлбикені алсаңыз да.
Сылқымдық Сарыарқада бес жыл құрып,
Қажеке, қолың жетті қанша қызға?
Күдері:
Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдім,
Сол жерде қадіріңді біліп жүрдім.
Өлеңмен отыз қызға болдым таныс,
Кет десем, ұйқысырап құрып жүрдім.
Ұлбике:
Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдің,
Сол жерде қадірімді біліп жүрдің.
«Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз бар,
Басыңды неге өсекке іліндірдің?
Күдері:
Қылығын қыз баланың шырын білдім,
Қырғидай қармағыма іліндірдім.
Жазбасам тағатыма айыбым жоқ,
Дәтімнің қаттылығын жаңа білдім.
Ұлбике:
Әулие боп отырсың, тақсырым-ай,
Басыңнан күнәң кетті асқынып-ай.
Әдетің алаңдаған қайда кетті,
Қаратаудың қарны ашқан қасқырындай.
Күдері:
Ұлбике, сен сенбейсің қасқырыңа-ай,
Жалаңды құр отырсың жапсырып-ай.
Жанкелді аулың нағып ұстап отыр,
Сенің де әңгімең жүр асқынып-ай.
Ұлбике:
Қажеке, ыза болдым қылығыңа,
Сындырған әзіл сөздің сынығына.
Болмаса егер айтқаны өлең сөзбен,
Бұ кедейің келмейді жұлығыма.
Күдері:
Базарда пышақ тұрар қыныменен,
Келеді сатып алсаң пұлыменен.
Жел тұрса шөптің басы қимылдайды,
Жанкелден сен саумысың шыныменен?
Ұлбике:
Мақтаныш жігіт халқы жігітке етер,
Кеппей жайсыз мақтанған сыбыс етер.
Ит мінез жігіт халқы болады екен,
Иттерше жемес астан үміт етер.
Күдері:
Ұлбике, алданасың жалған жарға,
Не дейсің ақиретке алған жарға ?
Жете алмай жүрген қолы біз алмасақ,
Жанкелдің қолы жетті, амал бар ма?
Ұлбике:
Қажеке, көңілім тура алған жарға,
Ешкімге пұрсатым жоқ алданарға.
Өтірік сөз көп айтып көтеріп ап,
Қажы халқы өсекті қалжыңдар ма?
Күдері:
Ұлбике, көңілің бұрдың жалған жарға,
Ақиретте қиын дейді алдағанға.
Ауылың ұстап отыр бір Жанкелді,
Танатын бұл дәлелден айлаң бар ма?
Ұлбике:
Жанкел кеп жүруші еді қымыз ішіп,
Балалардан таяқ жеді еті қышып.
Әзіл сөз айтпайтындай болды маған,
Бүгін түн соры қайнап қолға түсіп.
Күдері:
Ауылдан шаңкай түсте аулаққа айдап,
Жаттыңдар Көкөзекте бір жай сайлап.
Жанкелдің өсегінен аман болсаң,
Байың неғып сабап жүр үш күн байлап ?
Ұлбике:
Құранда «құл-ағызу раббил фәлақ»,
Өсекті жапсырады бір занталақ.
Маңыма тұрмақ түгіл жолаған жоқ,
Айтты екен өтірікті қандай қазақ.
Күдері:
Жанкелге өлең сөзден кеткен дарып,
Байлардай жүрмесе де малға жарып.
Бұл Жанкел уәде сөзбен қолға түскен,
Болмаса жын ұрды ма түнде барып?
Ұлбике:
Ұлбике жүрген жолдан адаса ма,
Біздерге жала сөздер жанаса ма?
Қоймайсың, Жанкелді әкеп жапсыруды,
Жан беріп түсесің бе арашаға?
«Күдерінің сөзі жалған болса да, шынға айналып кетуімүмкін, тоқтатыңдар айтысты», – деп, қариялар тыйым салыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу