Өлеңдер ✍️
МҰҚАҒАЛИМЕН СЫРЛАСУ
Сəлем, Мұқа!
Сыр бөлісіп, мұң айтатын кез келді,
Тарихтың табан тасы аунап түсті, көз көрді.
Өз алдына үй тігіп, өлгеніміз тірілді –
дегенменен одан неміз өзгерді?
Өзгерген жоқ.
Өмір-дария ағып жатыр тынбастан,
Күн шығады, түн келеді мұң дастан.
Бір кем дүние атам қуған, əкем қуған
мен де қуып келем кең далама сыймастан.
Қарап тұрсам бəрі бар, жетіспейді жылылық,
Тек адамдар сыйласпайды бірін-бірі ұғынып,
«Мен баймын!» деп шалқаяды барымташ
Кедей пақыр əлі жүр кемдігіне күйініп.
Айырмасы Алланың жазғанына көнбейді,
«Бəрі жалған, əділдік тек мен!» дейді,
Сірə осымыз тойғандықтың əсері –
Бұдан басқа бақыттың жоқтығына сенбейді.
Біз баяғы өзің көрген қарапайым қалпымыз,
Алматыңа тағы да қонақтайды алтын күз.
Заман бөлек, заң бөлек, ұмыттық біз қоғамды –
Бай, кедеймен белгіленді парқымыз.
Ауылыңда əкім пақыр көбейді,
Бар жұмысы майлау ғана көмейді.
Анықтама қағаз берсе теңге алып,
«Ұят болды-ау бұл қылығым» демейді.
Қой, ешкіні, тізімдеумен сиырын,
Салық алып қампайтады бүйірін.
Ағайының айран сатып, сүт сатып,
Базарларда жұлып жеп жүр иығын.
Үкіметің естімейді зар, мұңды,
Күлкі орнына қабылдайды қайғыңды.
Əділдікті іздеп шыққан азамат –
Абыройдан сол сағатта-ақ айырылды
Қарасаздың аяғы мен, басы сен,
Тарихтың көші өтеді төсінен –
Болашақты болжау қиын, Қулардың
қалтасында кетіп жатыр несібем.
Өзгерген жоқ, сол баяғы «ақ сағым»,
Байлығына теңеспек боп басқаның
Көктен іздеп жерде жатқан алтынды –
Өмір өтіп барады, жыл дегенің – қас қағым.
Сен көріпсің «Коммунизм елесін»
Міндің рас, ақ желкенді кемесін.
Өткен күнге топырақ шашып не керек,
Үміт екен «Бесжылдықтар белесің»
Қарасазда қара құрым ел еді,
Бай болмаған, байшыкештер көп еді.
Барушы едің аңсап елдің құшағын,
Соның бəрі жарасымды, жөн еді.
Артық екен «Жылап қайттым
»дегенің,
Бүгін барсаң суға батқан кеменің,
Орнын сипап от боп жанып кетер ең,
Өрт боп шарпып шалқыр еді өлеңің.
«Бар халыққа пана болған қазағың»,
Бүгін соның арқалап жүр азабын.
Асыраған иті талап тал түсте
Жəне оның мойнына ілді тозағын.
Ырысты жер ық болмады еліңе,
Жау шаппай-ақ ие болды көліңе.
Қайыршының дорбасын –
Іліп қойды, мына заман беліме.
Сол баяғы сенің əсем Алматың
Жыр боп сені арманыңа жалғайтын.
Көшелерде көк түтінді машина
Күндіз-түні бір сəт тыным таппайтын.
Сары орыстың сақал,шашын əтірлеп,
Сөз сөйлесе «Мынау жаңа мəтін» деп
Қытайларға қыз ұзата бастадық,
Қазақ деген айтылатын атым тек.
Біз осылай «ақкөңілді» халықпыз,
Еврей семіз, біз баяғы арықпыз.
Ағылшынша жаздық барлық атауды
Алматы емес,
Вашингтонда өмір сүріп жатырмыз.
Кеше ғана партбилетке сатып кеткен талайды,
Би көтердік жағымпаз коммунист «малайды»,
Өзі жатқан бесігіне жасамаған жақсылық
Халық салған бағалар ма, сарайды.
Ел сыйлаған тектілерге оқ аттым,
Халық деген қазынаны мəнсап үшін жоғалттым.
Сол байғұстар тағы сатып кететінін ойласам,
Маған жұмбақ талай-талай таң аттың.
Сəл сыр шертсем ар жағында өкпе тұр
Ойлап көрсем жазылмайды жеп-жеңіл
Жақсылығы жамандыққа айналар –
Қайран менің қазағым-ай ақкөңіл!
Түлкі тəсіл саясатты кім білген,
Жаңылыстым кешегі орыс күлкімнен.
Өзің көрген Алматы Алматы емес дəл қазір –
Нью-Йорк көшесінде жүрмін мен
Бəрін көрдім (екі ғасыр) көргенім,
Көрмегенім жалғыз ғана өлгенім.
Тірлігіме салық алған үкімет
«Жарлықаймын! – дейді, – кейін». Сенбедім!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter