Өлеңдер ✍️
ӘТТЕҢ, БІР ҚАПЫ ДҮНИЕ-АЙ!
Әттең, бір қапы дүние-ай!
Мынау Нарын деген қонысың,
Нарынбай байдың қонысы ед!
Сарыкөл, Самар – санды су,
Самарбай байдың қонысы ед!
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Мынау Жайық деген суыңыз,
Жайықбай байдың қонысы ед!
Жанарыстан, Үшқамыс
Алшағыр ханның қонысы ед!
Боқсақтың бойы боз қамыс,
Жаңбыршының ұлы Телағыс,
Телағыс байдың қонысы ед!
Арғы Еділден оқ атқан,
Бергі Еділге жоғалтқан.
Мынау Еділ деген суыңыз,
Еділбай байдың қонысы ед!
Қабыршақты, Қарасу,
Ол – Қазтуғанның қонысы еді.
Алтыатаның ар жағы,
Талөкпенің бер жағы,
Мынау Сақмар деген суыңыз,
Ол – Едіге бидің қонысы ед!
Бесешкі, Еділ бетінде,
Бұлғыр таудың шетінде,
Бадашы деген кең тоғай
Ол – Ер Сидақтың қонысы ед!
Адырмақты Алатау,
Ол – Ер Орақтың қонысы ед!
Мұса бидің баласы,
Орақ та Мамай бар екен,
Айнымайтын ер екен.
Ел шетіне жау келсе,
«Біз баралық» дер екен.
Боқсақтың бойы боз қамыс,
Еділ-Жайық арасы,
Екі судың саласы.
Қарасай, Қази тең өсті
Ер Орақтың баласы!
Атысуға жақсы екен
Сол сулардың даласы.
Бұрынғы өткен заманда,
Ел қорғаны барында,
Белгілі екен ерлерге,
Жаудың да келер шамасы!
Қоныстың бәрін жоғалтқан
Ноғайлы, қазақ надан жұрт,
Бірлігіңнің де кемісі!
Ақыр түпке келгенде,
Бәрін де алды түп-түгел
Көкала шекпен, жез түйме
Аузы түкті орысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter