18.08.2022
  192


Автор: Қазақ ұлттық ойындары

ҚАРАГИЕ ойыны

Ойынға қатысушылардың санына шек қойылмағанымен, бұл ойынды кез келген бозбала ойнай алмайды. Ойын ережесі бойынша ойыншылар бас киімдерін шешіп ортаға тастайды. Көмбеден 25– 30 адымдай жерге қазықтар қағып (аралары 1метр), бас киімдерді қазықтарға бір-бірлеп іледі. Сонан соң әр ойыншы көмбеде тұрып қолындағы сырығын лақтырып, бас киіміне тигізуі тиіс. Кім бас киіміне көп тигізсе – соның ұтқаны. Жүргізуші де ойынға қатысады. Сырық жас ырғайдан немесе қайыңнан жасалады. Ол неғұрлым ұзын да, салмақты болса, лақтырғанда соншалық ты алысқа ұшады да, жерге ұшымен қадалады. Әлсіз ойыншы бір-екі рет лақтырғаннан кейін қолының қары талып, шаршап, ойыннан шығамын деуі мүмкін. Мұндай жағдайда жүргізуші оны ойын аяқталғанша жібермей, соңынан «жаза» қолдануы шарт. Әр ойыншы өзінің сырығын ұзындығы 3–4 метр етіп кесіп алады да, мұқалмас үшін жуан ұшын ұштап, отқа қыздырып, кептіреді. Келе-келе сырықтың ұшына жез, одан кейін темір кигізіп, бас киімнің орнына нысана ілінетін болған. 


Бозбалалардың бұл ойыны көшпелі тайпа жауынгерлерінің соғыста мықты да, төзімді, найза лақтырған кезде мерген, кесек, батыр тұлғалы болып жетілуіне, жекпе-жекте жауға берілмеуіне көп септігін тигізген.


Бүгінде бұл ойынды ойнағанда биіктігі 1метр қазыққа пішімі 60х60 см тақтай қағып, оның бетіне ортасынан бастап, айнала ұпай санын көрсететін он шеңбер сызылады. Әр шеңбердің арасы 5 сантиметр болады.


Ойын ережесі бойынша әр ойыншы үш реттен, немесе бес реттен нысананы көздейді. Қорытындысында кім қанша ұпай жинағаны анықталып, ең көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз атанады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу