Ертегілер ✍️
Ертегілер ✍️
16.08.2022
1205
Түлкі мен қырғауыл
Бір түлкі қалың ағашты аралап келе жатып, ағаштың басында отырған қырғауылды көреді де, жақындап келіп:
- Сәлеметсіз бе, қырғауылым, халың қалай? – дейді. Қырғауыл:
- Жақсы, өзің қалай тұрасың? – дейді. Түлкі:
- Жерге түсіп, сөйлессеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді? – дейді. Қырғауыл:
- Жерге түсуге қорқамын, жерде әр түрлі аңдар бар, бізді жеп қоюы мүмкін, – дейді. Түлкі:
- Әй, достым, биылғы заман бұрынғы заман емес, жаңа ғана келдім, бұйрық шығыпты, біреуге біреу зорлық қылмасқа, қой мен қасқыр бірге жүрсін, түлкі мен тауық бірге жүрсін деген, – дейді.
Қырғауыл:
- Жақсы хабарыңыз бар екен, рахмет, достым! Мына жақтан бір иттер келе жатыр, оларға да хабарыңызды айтыңыз, есітсін, – дейді. Ит деген сөзді есіткен соң, түлкі алды-артына қарамастан қаша жөнеледі. Қырғауыл:
- Қайда барасың, түлкім, бұйрықты ұмытып кеттің бе? – дейді.
Түлкі:
- Кім біледі, бұйрықты ол естімеген шығар, – дейді міңгірлеп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter