Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  85


Автор: Темірхан Медетбек

Дау

Өрт сияқты көзi жоқ,
мен бiр сұмдық дау көрдiм,
тоқтам айтар сөзi жоқ
iштен шыққан жау көрдiм.
Ант пенен
серт өлiп,
көз аша алмай сорлаудан, –
жатты дейсiң өртенiп
бiр қауым жұрт сол даудан.
(Бiлдiрместен сезгенiн
жеттi әзәзiл сап етiп)
Бәтуәлi сөздерiм
жанып кеттi лап етiп.
Қақ айырылып қосағың,
қақ бөлiндi арманың.
Ойран болып ошағың,
түстi ортаға шаңырағың.
Жан өртенiп,
мұңданды, –
Не iстейсiң? –
күйiнем!
Қара күйе күл қалды
ынтымақтың үйiнен.
Ақыл-есiм шатысты
Қапаландым,
егiлдiм...
Сол бiр даудан шоқ түстi
өзегiне елiмнiң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу