file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  172


ХИКМЕТ-УЛЛАҺ

Жəкен Омаров, Мұхитдин Исаұлы.

Махаббатымен күллі ғаламды жаратқан,
«Өзің» деп, Алла, күніміз батып, таң атқан.
Махшарды ойлап, мазамыз кетер, я, Рахман,
«Алсақ», деп «орын» момындар тұрған санаттан.
Я, Алла, «Сен!» деп, сыңғырлайтындай бұлақтар,
Сыбдырлайтындай жасыл жапырақ, құрақтар.
Буырқанғанда мұхиттың жалды толқыны,
«Сабыр» деуменен сабаға түсіп тұрақтар.
«Хай-Хай» деуменен көктем де көктеп жайқалар,
Ескен желдің де «Һу-Һу» дегені байқалар.
Əрбір зат «Сен!» деп, зікір салғанда, ой, Алла,
Мендегі жүрек «Сен!» демей, қайдан жай табар.
Жеті қат жер-көк біріне бірі байланар,
Зəредей нəрсе назардан қалмас, жайланар.
Қажыларыңдай Қағбатулланы тəу еткен,
Ай менен жұлдыз айнымай күнді айналар.
Рахметіңді салады еске таң самал,
Азан айтқандай жар салып құстар əн салар.
«Ғазиз» нұрыңның сəулесі түссе жүрекке,
Салих құлдарың тамсанып оны қарсы алар.
Қаһардың беріп хабарын күн де күркірер,
Жер бетіндегі тіршілік біткен дүркірер.
Ғапыл құлдарыңның күнəсін кешші дегендей,
Ақ жауын жауып, көктің көз жасы сіркірер.
Сəжде етіп құлап, жылайды саған ғаріптер,
Сұрайды иман, ұлықтап сені дəріптер.
Бұл ғалам - кітап, жанды мен жансыз бəрі де,
Əр сифатыңды ашықтай түскен əріптер.
Құранға сенген адамзат арып арымас,
Есірке «Ғаффар», есіміңді айтсақ, кəрі-жас.
Құлшылығымыз құбылып тұрған құлмыз ғой,
Өзіңді Алла өзіңдей ешкім танымас.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу