13.08.2022
  427


Автор: Альберт Лиханов

СЕНБЕЙМІН!

Мен қонаққа тесірейе қараймын.
Осының бәрін қалай ойлап тапты? Қандай кітаптан оқып алды екен?
Жоқ, мен оған сенбей отыр екен деп ойламаңыздар. Сеніп отырмын. Бірақ осындай сұмдықтың оның басынан өтуі мүмкін бе? Өзінің түріне қараңызшы. Ешқандай ерекшелік жоқ. Кестеленген көйлек киіп алған. Тіпті сәл жиіркеніштілеу терлеп тұратын алақаны да жұмсақ. Қарапайым ғана адам, бұл болса әлде бір қаһарман кернейші туралы әңгіме айтады! Тек кинода, кітапта болатын оқиға сияқты. Мұндайлар туралы пионерлердің жиындарында айтылады, ал шындығында, мүмкін мұндайлар өмірде жоқ та шығар. Бар болған күнде де әйтеуір басқа бір жерлерден кездесер. Айталық Москвада, Жоғарғы Советте. Ал мынау атай болса, Украинаның бір кішкентай қаласында тұрады екен. Ал ол қаласының атын, бұл тіпті, естіп көрмепті.

Кестелі көйлек киген кісіге қараймын. Қараймын да, оның сол жаңағы айтқан кернейші екендігіне сенгім келмейді. Жо-жоқ, сене алмаймын! Оның үстіне бұл кісі мүмкін менің атам шығар!
Бұл ойымның өзі қайтадан өзімді алдарқатуға көмектесті. Жо-жоқ, деймін мен іштей, менің атам қасымда отыр. Ал, мынау ойдан шығарылған әңгіме ғана, бұл кісіні мен мүлде білмеймін де, бұған ешқандай қатысым да жоқ, міне қазір ол орнынан тұрады да, көшеге шығып жүре береді, соныменен бәрі де бітеді. Мен тек қана бір сұмдық әңгіме тыңдағаным жайлы ойлаймын. Тіпті оның айтқандары рас бола қойсын. Ол батыр да болсын, онда тұрған не бар?..
Бірақ қонақ кетер емес. Ертегідегідей көзден ғайып болмай, қарсы алдымда әлі отыр. Атам екеуі темекілерін қосыла бұрқыратып ойға шомған. Маған оның ауыр дем алысы, жұмсақ жөтелі жиі естіледі. Оның ешқайда жоғалар, кетер түрі көрінер емес. Ол шынында да көз алдымда отыр, сондықтан оны басқа адамдардың тәтті тіршілігіне кедергі жасамас үшін, біржола ғайып қып жіберу немесе ысырып тастау мүмкін емес.
— Істі неден бастасақ екен? – деп сұрайды атам.
— Оның қолында меңі бар еді. Шынтағының бүгілер тұсында, – дейді қонақ.
Атам да әлденені ойына түсіргендей үнсіз қалды. Мен де жанталаса папамның қолында мең бар ма еді деп, ойша іздеу саламын. Меніңше жоқ сияқты. Мүмкін бар да шығар, мен байқамаған болармын.
Атам да иығын салбыратып, басын шайқайды.
— Есімде жоқ.
— Ең соңғы үмітім – суретте, – дейді қонақ. Экспертиза бар дегенді естіп едім.
Суреттегі адамның кім екендігін анықтап беретін көрінеді.
Ол қалтасына қолын салып, қойын қапшығынан сарғайып кеткен фотосуретті алып шықты. Көңілдене күлген жігіт және жас келіншек, алтын шашты жас бала екеуін де құшақтап тұр. Ол сәл қырындай тұрып, жоғарыға қарап қалыпты. Мүмкін құстарға, әлде бұлттарға қараған шығар.
Мен суретке соншама бір сарапшылдықпен үңілемін, бірақ жүрегім дүрсілдеп, самайымдағы қан тамырым солқылдайды. Үйдің ауасы да тарылып кеткендей.
Суретті көзіме жақындаттым. Шынымен осы баланың менің папам болғаны ма?
Папам болса бірден таныр едім.
Мынау ол емес. Әрине, ол емес!
Бір-біріне ұқсайтын адамдар аз ба! Сонан кейін менің папам бала күнінде осылай болды деп кім айтар? Мен оның бала кездегі суретін көргемін. Сәл есейген кезі. Онда әжем екеуі бірге түсіпті. Кейінірек қолына портфель ұстап, әжем, атам үшеуі де түскен суреті бар. Одан кейін атам екеуінің әскери киім киіп түскен суреттері бар. Онда атам өзінің әскери киімін кисе, ал папама атам майдандағы тігіншіге баланың әскери гимнастеркасын әдейі тіктіріп әкеліпті.
Мен ішінде суреттері бар альбомды алдым. Қонақ көзілдірігін киіп алып, әр суретке асықпай ұзақ қарайды.
Мен оған үркектей қараймын. Мынау жайбасар қылығына жыным келгендей. Жылдамырақ қарап, «кешіріңіздер, мен қателесіппін!» деп айтпағанына ашуланамын. Ол үнсіз отырып, әр суретті өзіндегі суретпен салғастырады. Мен енді ашуланғанды қойып, әлдебір үкім күткендей, оның сөзін асыға тосумен отырмын.
Қолым да, тізем де дірілдейді. Бір кезде атамның шынтағымнан ақырын ұстағанын сездім.
Мен оның көзіне қараймын. Қан-сөлсіз жүзінен ештеңе байқауға болмаса да, өте сабырлы қалыпта екен. Тек қана ерні дірілдейді.
— Қалың қалай, немерем? – дейді ол ақырын ғана. Немерем? Ол ешқашан да мені бұлай атамайтын. Антонька, Антоха дейтін. Ал «немерем» деп айтып көрген емес. Екеуміз ең жақын достар едік. Мен оның сүйікті досы едім – осының өзі немереліктен әлдеқайда артық қой. Ол оны жақсы білсе де, дәл осы жерде «немерем» деп әдейі

айтқандай.
Мен бізге көңіл аудармай суреттерге асықпай қарап отырған қонаққа көз салдым да, атамның неге бұлай дегенін ұға қойдым.
Мен оның жүзіне жымия қарадым да, мойнынан құшақтап, тізесіне отырып, кеудесіне жабыса түстім. Өзіме-өзім келгендей сыбырлап қоямын:
– Бәрі де ойдағыдай, ата!
— Онда болды, ендеше! – дейді ол көңілдене тіл қатып.
Екеуміз де күліп жібердік. Құдай-ау! Менің нағыз атам – осы кісі емес пе! Менің таңғажайып жаратылған Қариям сол! Ал мынау мәселенің өзі қалай болар екен? Бұл кісімен не істеу керек? Ол сонау Украинадан арнайы ұшып келіп, Сергей есімді өзінің ұлын іздеп жүр, мүмкін менің папам – мұның ұлы шығар... Шынтақтың иілер тұсындағы мең. Егер бар болып шықса ше?.. Онда не болады? Екі бірдей атам бола ма? Екі бірдей атаң тек қана әкемнің әкесі және шешеңнің әкесі болған кезде ғана болады ғой. Бұл жерде мүлде басқаша. Мұндай болмайды да.
Қонақ бір суретке үңіле қарап, ойланып отырды да:
— Түсіну қиын. Тосайық. Тек сіздерден сұрайтыным бір сөз айта көрмеңіздер. Қателесуіміз де мүмкін ғой. Кешірместей күнә болады. Мұндай іспен қалжыңдауға болмайды, – дейді.
— Мен де сізден соны сұраймын, – дейді атам.
Сөйтіп біз тосып отырмыз. Асүйдегі краннан су тамшылайды. Естілместей өте ақырын ғана. Бірақ мен естіп отырмын.
— Тырс! Тырс! Тырс! Тырс!
Атамның кейде айқайлап кететіні сияқты тамшының тырсылы да үдеп бара жатқандай. Бум! Бум! Бум!!!
Жүрегім де әлдебір нәрсені сезгендей тайша тулайды.
Ештеңенің де болмайтынын жақсы білемін. Оларға ештеңені айтпау керектігін бұл кісінің өзі де ескертті ғой. Тіпті, шынтағында меңі болған күнде де. Мүмкін, бұдан құтылар жол бар шығар. Мен өзімнің достарымды Кешканы, Кириллді шақырсам, бұл кісіні жан-жағынан қоршап алып, бұлай істеуге болмайтындығын түсіндірсек. Оның өзі үйленгендігін, әйелінің есімінің Катя екендігін, ұлының есімінің Сережа екендігін, оның институтқа түскендігін де айтты емес пе. Ал, менің атамның бізден басқа ешкімі де жоқ. Әжем қайтыс болған соң ол мүлде жалғыз қалды. Мүлде! Осыны ұғу да қиын ба? Бұл адам біздерден бас тарта ала ма? Папамды көріп, оның шынтағындағы меңінің бар екендігіне көз жеткізсе де, өзін өзі ұстап, қайтадан Украинасына кетіп қала алар ма? Ас үйден естілген тамшының үні үдеп барады: Бэмм! Бэмм! Бэмм! Мен кранның шүмегін бекітейін деп ас үйге беттей берген кезде, есіктің коңырауы шылдырлады. Бұл
папам еді. Күліп қояды. Маған көзін бір қысып алып, әндетіп тұр,
Қаза келсе – қас қағымдық өлімі, Жара болса – жан қинамас жеңілі!
– Әке, сенің әніңді мен де үйреніп алыппын, – дейді ол айғайлап.
— Мұнда келші, Сергей! – дейді атам бөлмеден. – Танысып қойыңдар: менің ескі досым келіп отыр.
Қонақ диваннан көтеріле берді, өңі қуарып, ерні дірілдейді, мен де ол шыдай алмай айтып жіберер ме екен дегендей оған күдіктене қараймын. Бірақ, ол папамның қос қолын бірдей сілкілеп, жаңағы суреттерге ұзақ үңілгендей оның көзіне тесірейе қарайды, жүзіндегі күлкісі де сан құбылғандай, осы қазір құлап түсер адамның кейпін байқатқан соң, егер құлай қалса, оны сүйемелдеу үшін мен қонақтың қасына жақындадым.
— Сен қандай жігіт болып кеткенсің! – дейді ол баяу ғана дауыстап.
— Немене? – дейді папам ойында ештеңе жоқ. – Сіз мені бұрын білетін бе
едіңіз?
Қонақ сасқалақтап атама қарап еді, ол ақырын ғана басын изеді.

— Көргем, көргенмін. Онда бала болатынсың.
— Ә-ә. – Әкем күледі. – Ал мен сізді ұмытып қалыппын.
— Әрине, есіңде қайдан қалсын, – дейді кестелі көйлек киген кісі.
Папамды ас үйге ертіп апарып, шынтағын көргенше шыдамым жетпей барады.
Ол қонақпен қайдағы-жайдағы мәселелерді, құрылыс жайын әңгімелесіп кетті.
Атам орнынан тұрды да, үстелдің үстін әзірлей бастады. Мен көмектескен жоқпын. Олар орындықтарын көтеріп, үстелге жақындай бастады. Жүйкені тоздырған ұзақ әңгімеден кейін сәл тыныс алар сәт сияқты көрінді маған осы кез. Басыма бір әдемі ой келе қалмасы бар ма?!
— Папа! – өз даусымды өзім танымай қалғандаймын. – Кел қол күрестірейік!
Кім-кімді жеңер екен?
— Бәрекелді, – әкем күледі. – Күресетін уақытты тауыпсың-ау!
– Өтінемін! Өтінемін! – деймін жалына сөйлеп, ал атам мен қонақ менің бұл тіршілігімді ұқпағандай.
— Кел, – дейді әкем.
Біз шынтақтарымызды үстелдің үстіне қойып, бір-біріміздің саусағымыздан қыса ұстадық. Мен әкемнің қолын жығу үшін тырмысып жатырмын.
— Қулық жасама! – дейді ол айғайлап. – Орныңнан қозғалуға болмайды!
Әрине мен жеңілдім, басқа уақытта болса, оған өкінген де болар едім, бірақ қазіргі мәселе онда емес қой.
— Тағы да! – деймін мен айғайлап, ол тағы да шаруамды оңай тындырды.
— Мені жеңу оңай ғой! – деймін қуана дауыстап. – Мықты болсаң атаммен қолыңды күрестіріп көрші.
— Мені түсінесің бе? – дегендей атама қараймын. Ол иығып қушитты. Мен көп мағыналы жанарменен үңілемін. Ақыры түсінген сияқты. Түсінгенде қандай! Атам менің ең жақсы досым ғой. Сондықтан да біз бір-бірімізді оңай түсінісеміз! Қажет болса бір ауыз сөзсіз-ақ, ыммен түсінісеміз.
— Жарайды! – дейді ол көңілдене күліп, – сөйтті де, жеңін түріне бастады. Папам да сөйтті.
— Қа-не! – деп бұйрық бере бастадым. – Бір, екі, үш!
Олар бір-біріне оңай берісе қойған жоқ. Атамның жүзі қызарып кетті. Әрине күш-қайраты мол папама қарағанда, оның әлсіздеу екені белгілі.
— Бір де нолъ! Атамның пайдасына! – деймін мен айғайлап, атам мен қонақ сол кезде папамның шынтағына үңіле қалысты. Бірақ онда ештеңе жоқ еді. Ешқандай да, мең жоқ! Тап-таза!
— Екінші қолдарыңмен! – деп бұйырдым мен, атам тағы да жеңіп шықты.
— Екі де ноль. – Қуана. айғайладым. – Екі де ноль! Папам – өзімдікі! Менің атамның баласы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу