13.08.2022
  241


Автор: Альберт Лиханов

ТЕҢІЗ ЖӘНЕ МАМАМ

Біз әрі қарай жүріп кеттік. Атам жан-жағына көңілсіз көз салады. Папам да оған қорқа-қорқа қарайтындай. Сөйлеуге батпайды. Мен де үнсіз отырмын.
Бұл жерде не дерсің?
Атамның көңіл-қошының жоқтығын түсінуге болар. Ол құмырсқалар үшін қорған болғысы келсе, ал олардың илеулері трактордың жалпақ табанының астында жанышталып жатыр. Ештеңемен де көмектесе алмайсың. Әрине, оларды құтқаруға болады. Жаңа орынға көшіруге де болар. Бірақ қайсы бірін тасып үлгіресің? Тайга болса анау кесіліп жатқан. Бәрі асығыс. Құмырсқа илеулерінде ешкімнің де жұмысы жоқ.
– Ренжіме, – деп сыбырлаймын мен атама.
Ол мені құшақтай отырып, өзіне тартып қойды. Жүзіме барлай қарап, көңілсіздеу қалпында көзін қысты да, сыбырлай сөйледі:
— Мен шынында да қартайған Дон-Кихотпын! Есіңде ме, баяғыда қоймаға келіп, бір шөлмек шарапқа құрылыс материалдарын сатып алмақ болған есіріктерді де жеңе алмағанмын. Құмырсқаларға қорған бола алмадым! Қолымнан келмеген шаруа әлі көп!
Ол көңілсіздеу күйде тағы да терезеге үңілді. Мен атамның көзіне қарадым, оны аялай сипап әлдебір жақсы сөздер айтқым келеді. Бірақ құр сөзден келер көмек қайсы? Оның қолынан келмей, жасап бере алмай қалған шаруаларын жасау қажет. «Оңай олжа іздегендермен күрес жүргіземін, – деп шештім, – құмырсқаларды құтқарамын. Құр жанашырлықтан гөрі аз да болса іс тындыру керек, міне солай».
Біз мамам жұмыс істеуге, тиісті деревняға келдік. Барлығымыз бірігіп, кеңсеге кірсек, онда біраз адамдар жиналып қалған екен. Мамам өзі жұрттың алдына барып сөйлеп шыққанша, біздің тоса тұруымызды тапсырып кетіп қалды.
Оның айтқанын бұлжытпай орындап отырған кезде үйдің ашық тұрған терезесінен мамамның сөзі айқын естіліп жатты.
— Жолдастар! Болашақ теңіз ауру тарататын орта болмауы керек. Сондықтан да су қаптайтын барлық жерлерді ойдағыдай тазарту шарт. Жуынды-шайындыларды жер қазып соған төгіп, известпен айналасын әктеу керек. Жұқпалы ауру таратуы мүмкін деген нәрсенің бәрі өртелуге тиіс. Мұның бәрі де жай ғана сақтық емес, бәріміз қолға алатын қажетті шаруа. Өйткені, ол өз денсаулықтарыңыздың камы...
Мен болашақ теңіз туралы ойлаймын. Ғажайып үлкен болатын шығар. Онымен кемелер, мүмкін алып кемелер жүзеді. Толқыны да теңіздегідей буырқанар. Нағыз теңіз толқыны сияқты!
Міне, ол нағыз теңіз болады, ал мамам болса қайдағы бір жуынды- шайындыларды әңгіме ғып жатыр. Шыныменен соның өзі де теңіз үшін маңызды ма екен?
Мамам сөзін аяқтап болды да, әр үйлерге кіре бастады. Әрқайсына барған сайын әлдене туралы қызулана сөйлеп, қолын сермейді. Қарындашымен қағазға сызықтар сызып, жазу жазады.
Сонан кейін біздің қасымызға қайта оралады.
— Деревняның жартысы кетіп үлгіріпті, – дейді ол, – келіңдер қыдырайық.
Мен елі көшіп кеткен деревняны қыдыру қызық болар деп ойлағанмын. Шын

мәнінде олай емес, бір түрлі жүрекке мұң ұялатады екен. Көше бойлап, жүріп келе жатқан кезде мұржалары қарауытып пештер, енді ешкімге де қажеті жоқ, ешнәрсеге де бөгет бола алмайтын қорғандар, құдықтан су тартатын тырна сияқты ұзын мойын ағаштары бір түрлі жетімсірей көрінеді.
Жолдың дәл ортасына бір сары мысық жүгіріп шықты да, отыра қалып, ерекше жалынышты үнмен мияулай бастады. Мысықты да ұмытып кетіпті-ау! Мамам оны қолына алып еді, ол бірден тынышталып, пырылдап ұйқыға кетті.
Бір кезде адамдар от жаққан мынау пештердің болашақта теңіз түбінде қандай күйде тұратындығын көз алдыма келтіріп көріп едім, өте бір сұрықсыз көрініс елестеді.
Сол кезде біреулердің дауысы естілді.
Біз көше бойлап келе жатып, ескі қамбаның қасынан өткен кезде тәрт қаданың үстіне салынған кішкентай үйді көрдік. Терезелері де әбден тозып, қисайып кетіпті.
Үйдің жанында түрған екі кісі әлдене туралы қызу дауласып тұр. Біз жақынырақ келіп, сәлем бердік. Даугерлер сәл ғана тынышталды да, тағы да айқайласа жөнелді. Шын мәнінде олар мүлде дауласып тұрған жоқ екен, бірінің бірі сөзін тоспай, шүйкедей кемпірге әлденені өңештерін жырта дәлелдейді.
Қоңырқай түсті орамалын көзіне түсіре байлап алған қария өңештерін жыртқан екеуге үрке қарайды. Ерні дір-дір етіп, ол ауыр күрсінді де, өз сөзін біржола тиянақтады:
— Кете алмаймын!
— Өтінеміз! – деп айқайлайды екеуі.
— Құдай ақына!
– Онда бұл жерден әлдеқайда артық!
– Кете алмаймын! – дейді қария.
— Жап-жаңа үй! – деп айқайлайды екеуі.
— Тектен-текке береміз!
— Барлық жағдайы жасалған!
— Бара алмаймын! – деп қайталайды қария.
— Бұл кісімен неменеге мылжыңдасып тұрмыз! – деп айқайлайды біреуі.
— Машинаға тие де жібер! – екіншісі өз үкімін айтты.
– Ал қоштас, Яковлевна! – деді үшіншісі.
– Көше алмаймын! – деді қырсық кемпір.
Жаңағы кісілер үйге қарай батыл басып бара жатты да, біреуі бізге қарай мойын
бұрып:
– Тоқтай қалыңдар! Мынау генерал Рыбаков емес пе! – деді. Жаңағы кісі атама
жақындап келді де, қасқа басын жалаңаштап күнқағарын сыпырды.
— Мен сізді әрең таныдым, жолдас Рыбаков. Сізді қыста қалың қар жауған кезде көргенмін. Мен де сонда штабта болғанмын.
Атам үндемеген қалпы басын изеді. Қасқа бас кісі бір түрлі ыңғайсыз жағдайда тұрған сияқты. Мүмкін жаңағы шүйкедей кемпірге айқайлағандары үшін болар.
— Жолдас генерал! – деді ол қуана дауыстап. – Мүмкін сіз бізге көмектесерсіз? Бізде бір қария бар. Колхоз ол кісіге жаңа жерден жақсы үй салып берді, Тегін. Тұр да қуана бер! Ал ол болса өзінің жаман үйшігін қимайды?
– Мен қалай көмектеседі екенмін? – Атам таңданды.
– Қалайыңыз не! – дейді жаңағылардың бірі әлі де үмітін үзбей. – Қалай дегенмен сіз генералсыз ғой. Мүмкін тыңдар!
– Мүмкін тыңдар, байқап көрейік, – дейді атам. Сөйтті де, кемпірге барып бас иіп сәлемдесті.
– Шынымен генералсың ба? – деп қария атама таңырқай қарайды.
Сөйтті де сасқалақтап, үйіне қарай жүгірді. Үйден ағаш жақтауға салған фотосуретті кеудесіне қысып қайта шықты.
– Мүмкін бір жерден көрген шығарсың, ә? – Ол суретті атамның бетіне

қаратып, тіл қатты. – Коля ғой, менің ұлым. Хабар-ошарсыз кетті.
Атам суретті қолына алып, ұзақ қарады да, иесіне қайтып берді.
— Жоқ, – деді ол сәл үнсіз тұрып, – көрген жоқпын.
— Мүмкін әлі тірі шығар? – дейді кемпір қара қоңыр алжапқышын сілкіп

қойып.


Атам ойланып қалды. Суретке тағы бір қарады да, басын шайқады.
— Әлі тосып жүрсіз бе?
— Мына бір тәңір алғырлар жабысып алып, айрылсайшы! – дейді қария. –

«Көш те көш». Мен қалай ғана көшемін? Коля келіп қалса ше, ойда жоқта? Ал мұнда ештеңе де жоқ. Су басып жатады.
Атам сәл үнсіз тұрғаннан кейін, баяу ғана дауыстап былай деді:
— Оныңыз бекер болған. Коля келе қалса, жаңа мекеніңнен-ақ тауып алады.
Оған күмәнданба.
Кемпір орамалын көзіне дейін түсіріп, қайта байлады да, үйге кіріп кетті. Сонан кейін тағы да ағаш жақтауға салынған суретті ораған ақ шүберекті әкеле жатты.
Қайтадан бұрылып, үйіне қарады да, шоқынып сәл кідірді.
– Қалай, Яковлевна? – деп сұрады қасқа бас еркек. Сөзінің аяғы бір түрлі жасқаншақтап шықты: – От қояйық па?
– Қайтейін, өздерің біліңдер, – кемпір жылап жіберді.
Мен қарт адамдардың жылағанын көп көргенмін. Біріне-бірі ұқсас жылайды.
Жүздерінде онша өзгеріс болмаса да, көздерінен жас домалап бара жатады.
Қасқа бас еркек тағы да баяу тіл қатты:
– Жарайды! Құдайына тапсырдық!
Олардың бірі қолына шелек алды да үйдің шатырына жер май құйды. Содан кейін аспанның өңі қашқандай. Жалынның қып-қызыл сүйір тілдері жалақ қағып, көкке көтерілді.
Оттың қызуы айналаны күйдіріп бара жатқан соң біз кейін шегінісіп тұрдық.
— Майдандағы шегінгенімізге ұқсайды, – атам мұңая тіл қатты.
— Бірақ мынау шегіну емес, шабуыл ғой! – әкем жайраңдай сөйледі.
— Мұны неге өртейді? – деп таңырқадым мен.
— Тәртіп бойынша солай, – дейді мамам. Көшкен жұрттың орнын былықтырып қалдырмай, осылай өртеп кету керек. Санитарлық тәртіпке байланысты.
Біз үнсіз жүріп кеттік. Үйге келгеннен кейін де көп уақытқа дейін қолында ақ түйіншегі бар қарияның шағын тұлғасы көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Мен оның соңынан біраз қарап тұрдым, жаным ашығандықтан ба әйтеуір жүрегім сыздағандай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу