Әңгімелер ✍️
БІЗДІҢ ӘУЛЕТ
Мен атамды құшақтап тұрғанмын.
Оны тағы біреудің, одан кейін тағы біреудің келіп құшақтағанын байқадым.
Қарасам папам келіп, басын атамның кеудесіне қойыпты, ал мамам болса атамның білегінен ұстап алыпты.
Біз шағын ғана шоғыр болып, атамды ортаға ала тұрыппыз. Ал атам болса даусы қырылдай тіл қатты:
— Біздің әулетіміз қандай ұйымшыл еді...
— Ұйымшыл! – папам қостады.
— Және өте тату-тәтті, – деді мамам.
— Міне енді, – дейді атам, – сөйтіп сендер менің әскери құпиямды біліп алдыңдар.
Ол папамның үстелінің үстінде тұратын фотосуретке қарады да күрсініп қойды.
— Сөзімде тұра алмадым, – деді ол мұңайып. – Лидаш өткен істің өңін айналдырудың қажеті жоқ деп есептеуші еді, ал мен болсам ақиқатты жасырып кете алмадым.
— Папа, – деді әкем, – бұл – шындық емес, менің сөзім – шын, естіп тұрсың ба? Сен – менің әкемсің де, Антошканың атасысың, бар болғаны сол ғана.
— Сен біздің ең сүйікті адамымызсың, – дедім мен өте бір байсалдылықпен. Біз тағы да отырдық. Біреуіміз диванға, біреуіміз орындыққа.
– Ал, сенің есіңде ештеңе қалды ма, Сережа? – деп сұрады атам.
– Ойымда әлде бір ағаштар ғана қалыпты, – дейді әкем. – Бұтақтары көзіме тие берген соң, қолымменен оларды ысырумен болған сияқтымын.
— Сен неге өлең айтып келе жаттың? – деп сұраймын мен.
— Есімде жоқ, – дейді әкем.
— Мамаңды да білмейсің бе? – дейді атам ақырын ғана.
— Жоқ.
Мен папама қарадым. Көрдіңіз бе, оның қандай кісі екенін? Соғыста болса да, ойында ештеңе қалмаған. Оған қоса... Оған қоса мамасын да фашистер өлтіріп кеткен... Мен өз мамама қарадым. Мен мамамсыз не істеген болар едім?
Ойыма әлдене оралғандай! Атам мен әжем, папам үшін оның қайтыс болған мамасының орнына әке мен шеше болды емес пе. Жоқ, олай да емес, олар шын мәніндегі әкесі мен шешесі ғой.
Папам атамның қасына отырды да, оның иығынан қапсыра құшақтап, бетіне тесірейе қарады. Сөйтті де:
— Қане мен сені сүйейінші, қарт жаугер, – деді. Олар бірін-бірі құшақтап, біраз отырды.
Біз төсекке жатқаннан кейін атам аунақшып ұйықтай алмай әуреге түсті.
– Сенің орденіңді менің тағып жүруіме бола ма? – деп сұраймын мен.
— Былайша айтқанда, болады, – ол күлді. – Тағып жүресің бе?
Мен ойға шомдым. Ыңғайсыз сияқты. Орден шын мәнінде атама тиісті дүние
ғой.
– Жоқ, – деймін мен, – орден алу үшін өзімнің еңбек етуім керек.
— Дұрыс айтасың, – дейді атам. – Бұл орден менің саған қалдырған ескерткішім болады.
— Орденсіз де ұмыта алмаспын, – деймін мен.
— Ехе! – Атам тағы күледі. – Мінездерің байқала бастапты.
— Саған ұқсап!.. – деймін сыбырлап.
Қазір мен тек қана атам туралы ойлаймын. Мектепте, сабақта отырғанда да, үзіліс кезінде де, тіпті жай ғана көшеде келе жатсам да атам туралы ойлаймын. Үйге кірген бетте оның бетіне тесіле қарайтыным бар. Тамақ ішіп отырғанда да одан көз алмаймын.
Тағы да таң атты. «Газиктер де» жетті. Мамам мен папам машиналарына отырып, атам екеуміз екі бағытқа қарай беттедік. Мен мектепке, ол Анна Робертовнаға барып қайту үшін кетіп барамыз. Ол магазинге де соғар. Өйткені, қол торында бос шөлмектер жылтырайды. Асықпай аяңдап бара жатқан кезде, сылти басқаны байқалады екен.
Мен оның ту сыртынан көз айырмай қарап тұрмын. Ойлар, ойлар мазалайды. Менің дәл осы кісідей болу қолымнан келер ме екен? Әлде келмей ме?
Айталық, біраз уақыт өтті дейік. Тіпті көп уақыт өтті дейік. Мен де қартаямын.
Мәлкілдеген шал боламын. Казіргі атам сияқты.
Өзімнің де немерем болады. Қандай қызық. Менің немерем мен туралы не ойлайды екен?
Мынандай да болуы мүмкін-ау, көптеген жылдар өткен соң бүгінгідей таңертеңгілік немерем мектепке бет алып, мен магазиндерге бара жатсам...
Немерем тоқтай қалып, менің ту сыртымнан осылай қарап тұрса. Ол да ойланса. Өйткені, ол да мен туралы әлденелерді ойлауға тиіс қой. Айталық, мынандай бірдеңені де ойлауы мүмкін-ау. «Қаусаған қадірсіз шал!. Сүйкімі кеткен сүмелек! Сенің барыңнан жоғың! «Сабағыңды қара, сабағыңды қара» деп мылжыңдағаннан басқа не білесің сен! Өзіңнің енеге көрсетерлік ештеңең жок. Жұртқа үлгі етер адам да емессің! Ал сенің атаңды айтса болар еді! Ол генерал еді ғой!» деп.
Сол кезде де менің немерем мен туралы емес, менің атамды мақтаныш етіп тұрса.
Мен тағы да не істеуім қажеттігі туралы ойға шомамын.
Жоқ, менің ешқандай қарсылығым жоқ, әрине. Менің немерем де менің атам туралы ойлай берсін. Ал шындығында мені ол есіне алар ма екен? Әлдебір жақсылығымды мақтаныш етер ме екен?
Амалсыз күрсіндім. Әрине, көптеген жылдардан кейін менің немеремнің ойына ненің түсетінін дәл қазір білу қиын. Мұның өзі шынтуайттап келгенде маған байланысты ғой. Менің қандай боларыма байланысты.
Егер атам сияқты жақсы болсам, немерем де менің бір жақсылығымды есіне алар. Айталық: «Қане, шалым, бара бер! Бірақ, байқашы, сүрініп кетіп жүрме!» деп ойласа да жаман емес-ау. Сенің соңыңнан қарап тұрған немерең мұндай жанашырлық ойласа, мұны жаман дей алармысың?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter