13.08.2022
  180


Автор: Альберт Лиханов

СОҒЫС ТӘҢІРІ

Бұдан кейін жаңағыдан да ғажабы басталсын.
Бір жаққа қарай бет алып келеміз. Айтарлықтай ұзақ жүрдік. Бір кезде орман шетіне іліктік. Ал ол жерде зеңбіректер тұр екен. Түрлі-түрлі. Үлкендері де, кішілері де бар. Олардың қасында да солдаттар тұр.
Біз арнаулы орынға көтерілдік. Онда стереотрубалар қойылыпты. Рогаткаға ұқсас аспап. Оның екі саласының әрқайсысына оптикалық әйнектер койылған. Бинокльден әлдеқайда қуаттырақ.
— Жолдас, генерал, бастауға бұйрық бересіз бе? – деп сұрайды алып тұлғалы полковник.
Иванов басын изеді. Полковник өте үлкен тапаншаны қолына алды. Оны қызыл оғы бар патронмен оқтап, қолын жоғары көтерді. Тапанша атылған сәтте қызыл ракета көк жүзіне тікесінен қадалды. Көрдіңіз бе, мұның қандай тапанша екенін? Бірақ оған таңырқап жатар уақыт қайда?
Орманды жағалай гүрсілдеген дыбыстар естілді. Мен тіпті қорқып та үлгіре алмаймын. Тек әр атылыс сайын денем дір ете қалады. Бұлар бірінен кейін бірі атылған зеңбіректердің үні еді. Гүрс-гүрс! Бірінен кейін бірі атылған оқ пулеметтің тырылындай үндесе едел-жедел естіледі. Алаңның екінші бір шетінен топырақ аспанға ұшып жатты.
Зеңбіректер біраз гүрсілдеп алды да, тыныштала қалды. Полковник зеңбіректерге қарай барды да:
— Қазір танктерді жайратамыз. Тура көздеу арқылы, – деп ескертті.
Тыныштық. Жаңағыдай атылыстан кейінгі тыныштық ерекше екен. Қарғалар қарқылдады. Қарай гөр өзін, жаңағы гүрсілден де қорықпапты. Зеңбірек жанындағы солдаттардың үні, металдардың шыңылы естіледі. Зеңбіректің бос жездерін жинап жатса керек.
Атам мен Иванов жымия күлісіп бір-бірлеріне қарай береді. Жел айдай келген зеңбірек дәрісінің иісі қолқаны атады. Жақсы ма, Антоша! – дейді Иванов.
— Тамаша, Коля! – дейді атам.
— Шабуыл алдындағы артиллеристердің қалай даярлық жасайтыны есіңде шығар! – деп сұрайды Иванов.
— Болғанда қандай! – атам жымияды. – Майданның бір шақырымдай жеріне мыңдаған снаряд түседі. Оның өзі де санаулы минуттарда ғана!..
— Гүрсілдеген атыстар, қап-қара түтін! – Иванов атамның сөзін бөлді. – Жаныңда тұрған зеңбірек те көрінбейді. – Шабуылға шығу – ең бір көңілді шақ қой, – атам бас изейді.
– Зеңбіректердің жанында жанталаса жүгірген жігіттер! – Иванов қызулана сөйледі. – Шаң-топырақтан көздері көрінбей жүрсе де өздері қандай көңілді жүреді десеңші. Зеңбіректің гүрсілінен құлақтары тұнса да, жайраң қағып жүргендері.
— Жоқ! – Атам өз ойын ортаға салды. – Артиллерия жайлы Лермонтовтан асырып жазған ешкім жоқ: «Мыңдаған зеңбіректің гүрсілдеуі ұлығандай бір-біріне ұласып кетті!» демеп пе еді.
— Айтары не! – Иванов көңілдене жымияды. – Сен екеуміздің артиллериямыз соғыстың тәңірі ғой шіркін!
Олар үнсіз қалды. Мен екеуіне қызыға қараймын. Шинельдерінін түймелері ағытылып, папахалары шешілген. Ақ күміс шаштары күн сәулесімен ойнап жылтылдайды, Мәз-майрам, әбден риза сияқты.
— Білесің бе, Коля, – дейді атам. – Мен Сібірде бір сержантпен кездестім. Соғыс кезінде оны орынсыз жазалаған екенмін. Тек қана қолға түскен фашисті ұрғаны үшін.
— Жатқан кісіні жазаламас болар, – дейді Иванов.
— Өйткені, жаңағы фриц өзімен бірге қолға түскен қаруласының бір жапырақ нанын тартып алса керек. Ол кезде сержант бұл жайлы маған айтпапты. Бастықтан қорықса керек. Сөйтіп екеуміз көп жылдан соң кездестік.
— Ыңғайсыздау болған екен, – деп күрсінді Иванов. – Несі бар. Біз сияқты командирлердің сержанттан кешірім сұрағаны да кінә болмайды. Талай кездер бастан

өтті ғой, айтары не. Сызылып тұратындай уақыт қайда ол кезде. Оны қойып, дұрыстап сөйлесе де алмайтынбыз. Бұйрықты орында – бар болғаны сол ғана. Жалпы солдаттарға кім қарыздар емес дейсің? Өзіміз де солдат болдық қой. Есіңде болар.
— Дұрыс сөз, – дейді атам, – содан да ғой жүрегіңді әлдененің тырнай беретіні.
Полковник тағы да жүгіріп жетті. Тағы да тапанша көк жүзіне ракетасын қадады. Иванов стереотрубаға еңкейе берді. Атам қолына бинокль алды. Маған да полковник өз биноклін ұстатқан.
Бинокльге үңіле қараймын. Нағыз керемет бинокль!
Бинокльдердің түр-түрлері бар ғой. Магазиннен де осындайды сатып алуға болады. Осындай дегенмен, ол басқашалау. Айталық винтовка ше? Әрқайсысының өз номерлері бар. Олар да солдаттар сияқты есепте тұрады. Өйткені олар – соғыс қару- жарағы. Менің биноклім де винтовка сияқты. Ол да армия үшін кызмет етеді. Әскери адамдарға көмектеседі. Сондықтан да, бұл – нағыз әскери бинокль.
Мен бинокльдің әйнектеріне салынған кішкентай-кішкентай крестер мен сызықшалардың әр жағынан асыра көз тігемін. Ен даланы жанарыммен сүзіп келе жатқанда әлдебір заттардың жүріп бара жатқанын көрдім.
Шанаға баған ағаш орнатылыпты. Кеменің мачтасы сияқты. Ал баған ағашқа мата шегеленген. Жермен кетіп бара жатқан желкенді қайық дерсіз. Бірақ зеңбіректер үнсіз тұр. Жаңағы үлгі бейнелер бірте-бірте молая бастады. Жүрістері де жылдамдай түскендей.
– Енді неғып тұр бұлар? – дейді атам. – Ара қашықтық дәл ғой. Иванов тіл қатпайды. Ал полковник:
— Генерал-майордың Дрездеидегі жасаған ұрыс тәсілін қолданбақшымыз. Көрдіңіздер ме, зеңбіректер шабуылға шыққандардың екі бүйірінен ала орналасқан. Әбден жақындаған кезде олардың барлығына бірдей оқты төгіп жібереміз.
— Солай ма! – деп таңырқайды атам. – Қазіргі тәсіл мүлде белек қой.
Зеңбіректер де мүлде басқа. Соғыс кезінде мұндай шабуылдың болмауы да мүмкін!
— Болмауы да мүмкін, – полковник келісе кетті, – болуы да мүмкін...
— Жарайды, – атам рахаттана күлді, – сендерді алдарқата алмассың! Жарайсыңдар, солай болуы да керек қой! Жаңа тәсілді де үйреніңдер. Бірақ ескілерін де ұмытпаңдар!
Сол кезде жер тітіреді.
Зеңбіректердің гүрсілдей бастауы да мұң екен, желкендердегі пайда болған жыртықтар бірден көрінді. Бір желкен ортасынан қақ бөлініп түсті.
Оқ тиген желкендер сол орындарында қалып жатыр. Көптеген «танктер» «ұрыс даласында» омақасты, оқ дарымағандары әлі жылжып келеді. Еңбектеп келе жатқандай.
Зеңбірек оқпандары от бүркіп, түтін будақтатады. Соңғы «танктер» тыныш тапты. Бітті. Жеңіс!
Иванов стереотрубадан басын көтерді де көңілдене қарады.
— Несі бар, – дейді ол. – Жауынгерлерге рахмет. Тамаша атты, – Атама көзін қысып қойып. – Кел оларға алғыс айтайық. Алдымен сен бастап жол көрсетші!
Полковник тағы да ракета ататын тапаншасын тарс еткізген кезде барлық солдаттар бізге қарады. Не болып қалғанын ұқпай тұрғандай. Өйткені атыс тоқтағанын олар жақсы біледі.
Атам мінбенің шетіне таман барды да, қолымен аузын көлегейлеп тұрып, барынша айқайлай тіл қатты:
— Қызметтерің үшін алғыс айтамыз!
Солдаттар бір-біріне қарап алды да, зеңбіректердің қасына бірден қатар түзеді.
Сонан соң барлығы бір мезгілде:
— Совет Одағына қызмет етеміз, – деп жауап берді,
Барлығының ойдағыдай болғаны соншалықты, біз рахаттана күлдік. Жарты шақырымдай жерде тұрған солдаттардың генералға айқайлауының кез-келген әскери Жарғыны бұзу екендігін барлығы жақсы білсе де, олар осылай істеді.
Одан кейін түскі тамақ берілді. Үстелдер «П» әрпі сияқты етіліп қойылған. Мұнда тек қана офицерлер отырды. Барлығының алдына шарап қойылған кезде полковник:
— Жолдас офицерлер, орындарыңыздан тұруларыңызды сұраймын! – деді.
Барлығы да қаз-қатар тізілді. Етіктерінің өкшелері де бір мезгілде сарт-сұрт ете қалысты. Мен де орнымнан тұрдым және менің генералдарым да орындарынан тұрды.
— Жолдас офиңерлер! – деді полковник. – Бұл тосты Совет Одағының екі дүркін Батыры гвардия генерал-майоры Николай Петрович Ивановтың денсаулығы үшін алып қоюды ұсынамын.
Офицерлер шарапты ішіп қойды,
– Генерал Ивановқа арнап уралайық, – деді атам ақырын ғана. Сол кезде жер жаңғырықтырған «Урадан» үйдің шатыры ұшып кете жаздады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу