13.08.2022
  246


Автор: Альберт Лиханов

ОНЫҢ ҮЙІ

Москва!
Қалай дегенмен де Москвада тұратын балалар бақытты ғой! Өз бақыттарының бағасын білмейді! Күн сайын Қызыл алаңға келе алады! Хайуанаттар бағына барып,
«Балалар әлемі» магазинінен балмұздаққа тоюларына болады. Мұндай балмұздақтың ешқайда жоқ екендігі олардың бастарына да кіріп-шықпайтын болу керек. Айталық сібірлік балалар балмұздақтың басқасымен-ақ күнелтеді... Нашарлау әрине! Ештеңе емес! Оған өкінетін олар жоқ!
Ал, Москвада қандай үйлер бар десеңізші! Калинин проспектісін алайықшы. Ондағы үйлерді беті ашық кітапқа ұқсатуға болар еді. Кітаптарды қырынан қойғандай. Ал метро ше! Айтары не, шіркін! Кинодағыдай немесе суреттегідей-ақ. Москвада болмаған боларсыздар, сөзіме сеніңіздер. Тура осы айтып отырғанымдай. Сондықтан, Москваны суреттеп отырмаймын.
Тек біздің Белгісіз солдатқа қалай барғанымызды суреттейін. Бірақ оны артынан әңгімелеймін. Әуелі, біз Москваға ұшып келдік. Таксиге отырдық та атамның үйіне тарттық. Үйі өте бір көрікті жерде екен. Өзеннің жағасы да тиіп тұр. Ал ауласы орман сияқты. Күміс үгіндісін шашқандай жалтылдайды.
Кіре беріс сыртқы есіктің .алдындағы жылжымалы үстелді жағалай отырған қарттар домино соғып, тастарды тарс-тарс ұрады.
Атамды көрген бетте доминоларын тастай берісіп, қуана шуласты:
— Табылды!
— Бұның қалай болғаны!
— Қайда жоғалып кеттің, лейтенант?
— Сібірде, жолдас полковник, – дейді атам күліп, – су электр станциясының құрылысында, жолдас майор! Соның өзінде, жолдас лейтенант! Атақтының өзінде! Ал, мынау менің немерем, Антон Рыбаков. Танысып қойыңыздар!
Мен сасып қалдым да деревнядағы атамның істегенін қайталап, басымды иігі сәлем бердім.
— Қандай кішіпейіл бала еді! – бір қария таңдана сөйледі.
— Қайсыбір бұзықтарға мүлде ұқсамайды, – екіншісі косылды.
— Сөйтіп, сібірлік болды ғой! – үшіншісі де таңданды.
— Тумысынан, – дейді атам күліп, ал шалдар болса кезек-кезек менің қолымды қыса бастады.
Генерал-майор пәленше дейді бірі. Генерал-полковник түгенше дейді екіншісі өздерін таныстырып. Генерал-лейтенант дейді тағы бірі өзін. Барлығы маған қарап, мәз.
Ештеңені ұғып тұрған жоқпын. Ең әуелі ештеңені ұқпасам да, бірте-бірте басыма саңылау түсе бастады. Демек, бұлар бірін-бірі ыңғайлы болу үшін осылай атайды екен ғой. Генерал-лейтенант деп жатпай-ақ, лейтенант дей салады. Сол сияқты полковник, майор дейді. Әрі қысқа, әрі нұсқа.
Мен сол кезде бойыма қайрат жинап алдым да:
— Жолдас генералдар, күзде Кешка екеуміз жинап алған орман жаңғағымен сыйлауға рұқсат етіңіздер! – дедім.
Аса бір көрегенділікпен ала келген жол қапшығымды иығымнан сыпырдым да генералдарға бір-бір қалта жаңғақ салып бердім. Оған қоса бір-бір үлкен үгітілмеген жаңғақтан ұстаттым.

— Эх! – десіп айқайласты генералдар. – Бәрекелді! Міне керемет!..
Содан кейін олар сәл тынышталды да, ұмытпасам полковник болса керек, бірі:
— Антон Петрович, рұқсат болса кешке немерелерімді ертіп кіріп шығайын. Олар нағыз сібірлікті көріп қалсын. Әңгімелессін. Соның бәрінің оларға пайдасы зор ғой.
— Қалай, Антон! – деп сұрайды атам.
Мен сасқалақтап қалдым. Тамашалайтын мен бір аң емеспін ғой. Қарапайым адаммын. Менің көркімді көрмекші ме екен келгенде? Бірақ қарттар маған біртүрлі жанашырлықпен қарап, кішпейілділік танытқандай. Мен оларға:
— Келулеріңізді өтінеміз! – деп сыпайысыдым.
Онымен қоймай, ақымақ басым тағы да иіліп; тәжім етіппін ғой. Онымның өзі біртүрлі сөкеттеу шықты. Бұлардың Сібірінде тұратындар патша заманындағыдай бір- бірлеріне тәжім етіп жүретін болар деп ойлап қалулары да мүмкін.
Лифтімен көтеріліп келе жатқанда атамнан сұрадым:
— Немене, бұл үйде ыңғай генералдар тұра ма?
Ол сауалыма күліп жіберді. Жоқ тек генералдар емес, «генерал» деген бір сыңар сөзі жоқ полковниктер де майорлар да тұрады екен. Бұл – әскери адамдар тұратын үй екен ғой.
Біз атамның пәтері орналасқан қабатқа көтерілдік. Есіктің жанына келіп бірер минут кідірдік.
— Толқып тұрсың ба? – деп сұрадым.
— Иә, толқып тұрмын, – дейді ол.
— Өйткені, көптен болмаған соң ғой?
— Өйткені, мұнда кемпіріміз екеуміз көп жыл тұрдық қой, – дейді ол. – Бірақ қазір кемпірім жоқ. Ал маған ол қазір үйде, ұзақ командировкаға кеткен мені тосып отырғандай.
Атам маған мағыналы жанармен қарады.
— Қане? – ол сыбырлай сөйледі де кілтті салды. Табалдырықтан дәл бір тұңғиыққа құлап бара жатқандай күйде аттады...
Мен сақтықпен басып, бөлмелерді қыдырып жүрмін. Музейде жүргендей.
Барлығына ықылас қоя қараймын. Қараймын да таң қаламын.
Шындығында мен атамды білмейді екенмін ғой! Мүлде-мүлде!
Біз онымен қанша уақыт бірге тұрдық! Бір кереуетте де жатып, әр түрлі нәрсе жайлы әңгіме шертсек те шын мәнінде мен ол туралы ештеңе білмейді екенмін. Егер осы жолы мұнда келмесем сол білмеген күйімде кетеді екенмін.
Ал қазір міне, біраз жайды біліп алдым.
Атам тұрған бөлмелерді аралаған сайын ол жайлы білерім арта түскендей.
Жазу үстелінің үстіне кішкентай зеңбіректің үлгісі қойылыпты. Астында:
«Майор А. П. Рыбаковқа қаруды алғаш сынаған сәттен ескерткіш» деген жазуы бар.
Атамнан бұл жазудың мәнісін сұрадым. Ол бір кезде гаубица зеңбірегін сынағандарын, кейін бұл қарудың бүкіл соғыста қызмет керсеткенін айтты.
Зеңбіректі де сынақтан өткізеді деп ешуақытта ойлаған емеспін. Самолеттерді сынақтан өткізеді – міне мұны білмейтін жан жоқ. Сөйтсек, зеңбіректі де сынайды екен ғой. Ондай сынақтың қалай жасалатынын білгім келді.
Атам зеңбірек оғының қанша қашықтыққа ұшатындығы және снарядтардың бір- бірінен қанша алыс түсетіндігі сыналатынын түсіндірді. Снарядтардың бірі жарылған жерге екіншісі еш уақытта түспейді екен ғой. Тіпті, соғыста аман қалудың бір жолы – снаряд ұлып келе жатқан сәтте бұрын жарылған шұңқырға жата кетсе болғаны дейді. Басқа оқ бұл жерге ешқашан түспейді. Бұған қоса дәріні қанша салған кезде қанша қашықтыққа ұшатынын, яғни оның оғының қуаттылығын сынайтын көрінеді. Оған қоса снаряд ұшып үлгергенше зеңбіректің оқпаны жарылып кететін жағдайлар дәрінің мөлшері қанша болған кезде кездесетінін де анықтайды екен. Яғни зеңбіректің оқпаны

төзімділігінің шегін анықтау...
Сөреден «Баллистиканың теориясы» деген түсініксіз атауы бар кітапты да тауып алдым. Оның есесіне автордың аты-жөнін түсінуге болады. Әскери ғылымның кандидаты А. П. Рыбаков.
— Кандидат деген не? – деп сұраймын мен.
– Ғылыми атақ, – деп жауап берді ол.
– Демек, сен ғалымсың ғой? – деймін күліп.
– Аздап, – дейді ол да жымиып.
— Ал, баллистика деген не?
— Снарядтың ұшуы жөніндегі ғылым. Көрдіңіз бе, ғылымның қандай түрі бар екенін.
– Сен қалай деп ойлайсың? – Атам сауал тастады. – Соғыс дегенді жай ғана тарс-тұрс деп ойлайсың ба? Шындығында көп адам соғыс туралы солай ойлаған. Қазір де солай ойлайды. – Атам мені үстелдің жанына отырғызып, өзі қарсы алдыма келіп жайғасты. – Бірақ армия деген – бүтін бір әлем ғой. Ал ғылымсыз әлем болмайды. Офицердер оқитын әскери академиялар да тектен-текке болмаса керек қой. Оқымысты офицерлер!
— Мен де офицер боламын, – деймін қызулана үн қатып. – Сен сияқты!
Оқымысты офицер боламын!
Атам иығыма қолын салды.
— Есіңде болсын, – дейді ол. – Бұл – өте қиын жұмыс. Оқу қажет. Далада ұйықтай алатын қажырлы, сонан кейін қарулы болу қажет. Қайда жіберсе бас тартпайсың. Басқалар үшін жауап беріп, өз жаныңды күйттемеуің керек. Ойлан, Антон!
– Атам жымия қарайды. – Ойланар уақытың әлі жетеді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу