Әңгімелер ✍️
ҚҰПИЯ ТӘСІЛ
Мамам жеңілгенімен өз басым оның дәлелдерін әлі мойындай қойған жоқпын. Атамның мұнда қарттар жоқ дегенін есіме алдым. «Жоқ дегені қалай? – деп ойладым. – Француз әйел Анна Робертовнаны қайда қояды?»
Тиындарымды құрастырып, клубқа келдім де сатушы Зинаида Ивановнадан алты балмұздақты бір-ақ сатып алдым. Өзгеше, өзіміз ойлап тапқан тәсілмен соғып алдым. Ағызып-тамызып жалап тұрмай кесек-кесегімен опырып алып, жұта беру. Талай тәжірибеден өткен тәсіл, бұл құпияны маған үйреткен Кешка болатын. Бір ғажабы бұл тәсіл көктем мен күз кездерінде ғана әсер етеді. Жаздың кейбір шіліңгір ыстықтарында да қолдануға болады. Қыс кезінде болмайды. Қыс айларында балмұздақты килограмдап соқсаң да ешқандай әсер етпейді. Мен ойлаймын, сыртта да аяз, ішіңде де аяз, екі суық нәрсенің температурасы өзара теңесіп алып ештеңе болмайтын сияқты. Ал күз айларының жөні бір бөлек. Өйткені, күзде сырттағы температура да әрі-сәрі болады. Ұсақ жаңбыры бүркіп, жол сары батпаққа бөгеді. Міне, осындай кезде Кешканың тәсілі таптырмас айла.
Қазір де күз мезгілі еді. Мен Зинаида Ивановнадан тоғыз тиындық алты балмұздақты алдым да кесек-кесегімен қылғыттым. Кеш бойы басымды ара-тұра ұстап қойып, балмұздақтың әрекетін тосумен болдым. Жоқ, дым жоқ. Өкінішті-ақ.
Мектепке барысымен Кешкаға өзімнің сәтсіздікке ұшырағанымды айттым.
Кешка дегеніңіз тіс қаққан қу, нағыз кержақтың өзі. Мен мысалы Сібірде туғандықтан, бар болғаны сібірлік қанамын. Ал Кешка болса – кержақ, былайша айтканда, барлық ата-бабалары, тума-туысқандары, аталары мен арғы, одан арғы аталары осы тайгада тұрып, аң аулау, бал жинау, балық аулау, ағаш өңдеу сияқты тайгаға тән тіршілікпен күн кешкен сібірліктердің ішіндегі сібірлігі. Өзенді плотинамен бөгей бастағанда Кешканың әкесі де, атасы Иннокентий Евлампиевич те құрылысқа жұмысқа орналасқан.
Кешка да әкесі сияқты тұйықтау болып өседі. Сабақ айтқанда да артық сөз шығындау дегенді білмейді ғой. Сондықтан да ол математикаға келгенде кіл бестіктерді мұрнынан тізіп тұрып алады, ал тарих, география сияқты пәндерге келгенде ісі іс болмай іркіт болып іри бастайды. Бұл пәндер үшін сөйлей білу, сөздерді қойша тоғытып, мысалдар келтіру қажет. Кешка болса: «Колумб Американы 1492 жылы ашқан» дейді де аузына су толтырғандай тұрып қалады. Мұғалима қане, анығырақ тоқтап, Колумбтың қалай жүзіп жеткені, жолда не көргені туралы, тағы сол сияқтыларды толықтырып айтшы дегендей сұрақтар қойып, оның жанын қинай бастайды. Ал Кешка болса бір аяғымен екіншісін үйкеп қойып, ең бастысын айтып едім ғой, енді нені айту қажет дегендей иығын қомдар еді.
— Ол да жүзіп кеткен болатын, – дейді ол, – бірақ басқа бағытпен кетіпті.
— Иә, – деп күрсінер еді мұғалима да, – Евсеев, сенен бір сөзді суырып алу үшін престің астына салып сығу қажет шығар.
Кешканың сондықтан да мұндай пәндерді суқаны сүймейді. Орнына келіп отырған соң да танауының астынан:
— Ең бастысын айттым ғой. Ендігісінің не қажеті бар?! – деп міңгірлеген болады.
Бірақ тарих, география, әдебиет және табиғаттану пәндерінен «ең бастысын» айтумен ғана шектелу мүлде аздық етеді екен. Осы бір мұғалімдер Кешканы ұқпай-ақ койды, әрине олары бекершілік. Кешка дегеніңіз мынау деген бала. Білмейтіні де, қолынан келмейтіні де жоқ. Жалғыз тал сіріңкемен-ақ костеріңізді лау еткізеді. Тіпті жаңбыр жауып тұрса да. Мұндай іс әрбір үлкен кісінің де қолынан келе бермейді. Тайгада келе жатқанда ағаштарға қарап, ешқандай компассыз-ақ түстігің мен терістігіңді ажырата береді. Себебі ағаштың терістік жағына мүк өседі екен ғой. Айтары бар ма! Кешка саңырауқұлақ өсетін, жеміс-жидек өсетін жерлерді де жатқа біледі.
Бір жолы оның кішкентай адамның суретін салғаны бар. Сары бояумен. Қолдары да, аяқтары да серейіп тұр. Кешка маған оның ешқандай да адамның суреті емес, ағаштың адамға ұқсас бір тамыры екенін айтқан-ды. Ол женьшень, немесе өмір тамыры деп аталады екен. Бұл тамырдан дәрі жасалатын көрінеді және ол дәріні ішкен адам ұзақ өмір сүреді екен. Женьшень – Қиыр Шығыста өсетін өсімдік, бірақ қарттар оның біздің Сібірде де өсетіндігін айтады. Тек өте сирек. Кешка жасыл қарындашпен бұл өсімдіктің жапырағының суретін салды. Өрнекті, сызықшалары бар. Тамыры жердің астында өседі екен де оны осы жапырағына қарап, басқа өсімдіктерден ажыратады екен. Сонан соң Кешка менің жұмған аузымды ашпайтыным жөніндегі сертімді алды. Өйткен себебі, ол өзі алдына қалай да женьшеньді табамын деген мақсат қойған болатын.
Міне, Кешка деген қандай? Тек оны мұғалімдер дұрыс бағаламай жүр. Кешка жайлы тағы не айтсам екен?
Қара шашты, қара қасты. Беті жалпақ, сүйектілеу келген. Қолдары да қарулы-ақ. Кешка – сыныптағы чемпионымыз. Кімді де болсын, шынтағымен-ақ шыңғыртып жібере алады. Немесе қолыңды шындап қысып жіберсе көзіңізден жас ыршып кетеді. Бірақ, Кешка өз күшінің молдығын ешқашан мақтаныш етіп көрген емес. Менің де Кешканы сонша жаксы көретінім сондықтан.
Мен Кешканы ең алдымен ақыл кеңестері үшін жақсы көремін. Меніңше, оның білмейтіні жоқ. Сондықтан да болар, менің оған балмұздаққа байланысты «ерекше тәсілден» ештеңе шықпағанын айтқаным.
Кешка біраз ойланып тұрды да:
— Одан да басқа бір тәсілдер бар еді, – деді. Сөйтті де менің жаңа тәсілді қолдануға шыдай алатыныма күмәнданғандай бетіме қарады. Шыдай алатындығыма сөз бар ма дегендей мен де оны шынтағыммен бір нұқып қойдым.
— Жарайды, – деді Кешка мардамсып. –Сейсепті суға салып алып, соған орануың керек. Тісіңе тісің тиіп сақылдағанша, тұруың керек. Он минуттан асып кетіп жүрмесін. Ұқтың ба?
Кешкілік айтқанындай-ақ ыстығым отыз сегіз градусқа жетіп-ақ барғаны.
— Жақсы болды, – деп ойладым өз тапқырлығыма риза болған мен, – енді атамның қасында болатындай себеп бар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter