12.08.2022
  353


Автор: Альберт Лиханов

МАМАМ ЖАЙЛЫ

 


Папам бетонның беріктігі жайлы ойлана қалған сәттерде мамам оған ешқандай кедергі жасап керген емес. Аяғының ұшымен басып, қағаз-қаламын әзірлеп тұрғаны. Папамның бетонның беріктігін тексеру туралы кітап жазғысы келеді. Ол ақ қағаз бетіне формулаларымен, шығарған есептерімен өрнек салып отырғанда өз күйбеңімен жүрген мамам оған жымия қарар еді.
Мен мамамның осындай жылы жымиысына қарап тұрғанды ұнатамын. Дөңгелек жүзіне бетіңдегі кішкентай ұяшығы, аспан түстес көгілдір көзі ерекше жарасып тұратындай. Терезе алдына барып отыра қалған сәттегі күн нұрымен ойнаған әдемі жанары асыл тастай сәуле шашар еді. Менің мамам ақкөңіл, кеңпейіл адам ғой, шіркін, оның қатты ашуланған сәтін көрген емеспін. Тіпті ренжіген сәттің өзінде де жүзінен мейірімділіктің ізі кетпейді. Ақсары шашын бұрымдап өріп, төбесіне дөңгелектеп түйіп қоюының өзі қандай жарасады. Содан болу керек, кейде оны папамның күн дидарлым деп еркелететіні. Біздің отбасымызды жалпы Белобрысиковтар деп атайды. Мамамның есімі де өзі сияқты сүйкімді-ақ, оны – Ольга деп атайды. Ол ауданның санитарлық бас дәрігері болып қызмет істейді, папам екеуінің кейде түс шайысып қалуларына да негізгі себепші болатын екеуінің қызмет бабындағы әңгімелері. Ондайда папам: – Бұл жерде құрылыстан құдіретті дүние жоқ, – десе, мамам: – Сол құрылысыңның өзі ауданның ауқымында жатқан жоқ па?! – деп дау айтады. Папам: – Ендеше ауданның тағдыры да осы құрылысқа қарап тұр, – десе, мамам: – Құрылыстың өзі де осы ауданда тұратын адамдар үшін салынып жатқан игілік, – деп жеңістік бермейді...
Сөйтіп олар біраз дау соғады. Мен олардың аңысын аңдимын. Бірде папамды, бірде мамамды жақтап шығам, әрине, сөздері мығым, дәлелі орынды шыққанын.
Шын мәнінде кайсысының сөзі дұрыс?
Папамдар салып жатқан құрылыс бүкіл Сібірдегі ең қуатты электрстанциясы екен. Мынадай дарияға бөгеу салу, – еһе-еһе, айтқанға ғана оңай. Станция ток берген бойда айналаға салынып жатқан зауыт атаулы дүрілдеп береді дейсіз. Ол ғана емес, біздің поселка да, мамам жұмыс істейтін аудан да токқа қарық болмақ. Ол ғана емес, бүкіл Сібір шұғылаға бөленеді. Маған папамның мына бір теңеуі ұнайды: «Біздің ГЭС- ті ромашка гүліне теңеуге болады, ал станция болса сол гүлдің ортасындағы сарғылт шырындығына ұқсайды, зауыттарды, ұжымшарларды, орман шаруашылықтарын – мұның бәрін де гүлдің ұлпа қанаттары деуге болады. Шырындықсыз ұлпа қанаттар да болмақ емес. Бұл – даусыз ақиқат!
— Ұлпа қанаттары жоқ құр шырындықты гүл деу қиын болар, – деп даяр дауын ұсынады мамам. – Сенің станцияң сол өзің айтып отырған адамдар, зауыттар, ұжымшарлар, орман шаруашылықтары үшін жұмыс істемеуші ме еді. Демек, ең алдымен адамдардың қамын ойлау қажет. Алға қарау керек!
Мамамның бұл пікіріне де дау айту қиын.
Оның осындай дауласқан кезде аздап ренжитіні рас, бірақ дидарынан бәрі бір мейірбандылықтың лебі есіп тұрар еді.
— Бүкіл аудандағылардың сенен сонша қорқатыны қалай? – дейді папам күліп.
– Басқаны былай қойғанда, министрдің өзімен мүйіздесіп жататын біздің бастығымыздың сен келе жатыр дегенде телефонымен бұйрық беріп, «ана жерді тазартып, мына жерді жөндеңдер» деп берекесінен айрылатынына таң қаламын.
Мамам бұл жерде жылы жымияр еді, ал мен тағы да папамның пікірін жақтаймын. Өйткені, анау біздің мектептегі тазалықтың болуына да басты себепші мамам сияқты. Көктем, күз айларында көшеміз лайсаң, батпақ болса да мектептің іші үнемі таза тұрады. Мамамның айтуымен мектептің алдына аяқ киімді тазалайтын су толтырылған ағаш астаулар койылды, олардың қасында тұрған тазалық сақтаушылардың жанынан лас етігіңмен өтіп көр. Бірінші астауда етігіңе жұққан батпақты ауырынан жеңілтсең, екіншісінде тазартып, үшіншісінде таза сумен шайып шығасың. Бәрін ойлап тауып жүрген баяғы мамам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу