Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  118


Автор: Болат Жетекбай

Жапырақ-ғұмыр

Ынтық едім өлердей өрем жетпес бір сырға –
Он сегіз мың ғаламның ішінде һәм сыртында,
Туылмаған, тумаған, теңдеспейтін ешбір күш
Бар болу да, жоқ болу – Бір Алланың ырқында.
Екі жаһан иесі мейірімді, рақымды
«Субханаллах!» – күндіз-түн зікір еттім атыңды.
Тәркі дүние түңілтіп, торықтырған шақта да
Май тамызып маздаттың Ұлы махаббатымды.
Қаһарыңнан қаймыға, қайғы жұттым, мұң шектім,
Соңғы үмітті сөндірмей, себезгілеп нұр төктің...
Өткіншінің ісімен өкінішті молайтып,
Хаққа қайтар жолыма қамдануды білмеппін.
...Сарғаяды жапырақ, күз де тұрмас, сырғанар,
Көктем келер, жамырап, өндір өмір бүр жарар.
Аптығамыз несіне? Жел тонайды бізді де,
Әр жапырақ-ғұмырда ашылмаған сыр қалар.
Алақанда ақша қар – жарық күнім, баянсыз,
Еркесініп жүргенмен ертеңім де аянсыз.
...Ақыреттің таңында ақ жүзіміз қарайса,
«Көп сыналған құл ғой» деп, Сіз де бізді аярсыз




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу