Өлеңдер ✍️
Ызыңдаса кеудеде шыбын-жаным...
Ызыңдаса кеудеде шыбын-жаным,
Амандастым ажалмен... бұрылмадым.
Қолдап мені, әруақтар, жүрсіңдер-ау,
Кешегіден түзелді бүгін халім.
Жеті мүшем дін аман, ауырмаймын,
Ауруыңнан секілді ауыр қайғым...
Кірпіктерге ілінген тамшы жастай
Тамып кетсем, ешқашан табылмаймын.
Мен – елеспін...
Өзімді солай ұқтым,
Қойындасып түнменен жоғалыппын,
Айдай мынау әлемнен айрылғанда,
Әруақтардың күшімен оралыппын.
Қалқан болған қанжарлар сермелгенде,
Қолдайтұғын қысылшаң жер келгенде;
...Өздерінің еліне жолатпайтын,
Өтелмейді парызым – өлгендерге.
Сыры жұмбақ жер жатыр ішін төсеп,
Кінә бізде – көп жайды түсінбесек.
Ақ жол айтып, алыстан аян еткен
Әруақтарды көремін түсімде тек.
Нұр төгілсе ғайыптан... жан шуақтап,
Күмбірлі күй – сел-сезім шалқып ақпақ!
Ажал мені ала алмас ауру беріп,
Алып кетер адассам арды таптап.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter