Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
12.08.2022
102
Сұм дүние
Іштің дертін басуға ішірткіні «ем» дедім,
Ілуде бір кездескен бақытыма сенбедім.
Өткен өмір керуенін кеудеме әкеп жерледім...
Тым ертерек тарқатты базарымды бұл дүние!
Алыстаған күндерге аңсар ауды неліктен?..
Ада болдым ақыры арман, қуат, еріктен.
Жұқана да қалмады жастықтағы желіктен,
Іздерімді көмген соң сусып көшкен Құм-дүние.
Үсік шалып, солғанда жанымның бір бүршігі,
Бітпейтіндей көрінді пешенемнің қырсығы,
Ыза буып жүректі, көзімнен жас ыршыды.
Түкірдім мен бетіңе, менсіз – сен де тұл дүние!
Ауыр ойдың азабы арылмаған індеттей,
Алжастырды ақылдан асау мінез бірбеткей.
Менің аппақ арымды бұдан әрі кірлетпей,
Берер болсаң ажалың, бер тезірек, сұм дүние!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter