Өлеңдер ✍️
«шіркін-ай!» деймін
«Шіркін-ай!» деймін, «Шіркін-ай!» деймін, тамсанып,
Өмірге мен де келіппін кеше жар салып.
Келіппін кеше...
Бір белес астым аса алсам,
Көргенім менен түйгенім сонда қаншалық?
Түндерім кейде шұғыла-нұрға шомдырып,
Күндерім кейде көзіме мұнар қондырып;
Пәс сезімдерден өртенсе озбыр жүректер,
Аярлық оты жанымды қарып, тондырып.
Көзді ашып-жұмдым, кейіндеп қалды көп ғұмыр,
Түнеріп күнім, түндерім ғажап төкті нұр.
Жынданған ақын жайын бір көріп кетуге
Терезе жақтан қарайтын болды текті жыр.
Бекерден-бекер қу тірлік маған сұстанар,
Кеудеме сыйған ызғарлы күз де, қыс та бар.
Онсыз да менің тынысым, демім тарылды,
Онсыз да екі жағымда – бірдей ұшпа жар.
Күлудей күлдім, күлкімді күліп тауыстым,
Жарқын бір шақтан жылыстап тез-ақ ауыстым.
Үскірік желі үйіріліп соққан кеудеме
Үңілсем болды, қыс-қайғыменен табыстым.
«Шіркін-ай!» деймін....
Білмеймін, оны неге айтам?
Бойласам ойға, уайымды тағы молайтам.
Білдіргім келмей ішімде ненің жатқанын,
Бөрідей арық қомпайтып жүнім, зорайтам.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter