Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
12.08.2022
109
Мен жоқ едім... бар болдым – Адам болдым...
Мен жоқ едім... бар болдым – Адам болдым,
Заман көрдім, жақсы мен жаман көрдім;
Адал көрдім және де арамменен,
Бәрін алып, жүрегім, саған бердім!
Құдайымдай қуаттап әз арымды,
Енді сенен сұраймын тазаруды.
Аппақ қарлы жанымның атырабын
Күйе жауып, кірлетіп, наза қылды.
Күн сәулесін ұрлаған, Айдың нұрын,
Көрдей суық тартады қайғым, мұңым.
Пәк әлемін пейіштің әкелем деп,
Аспан жаққа алақан жайдым бүгін.
Табыстырар тілмәшым ғаламменен,
Саған ғана сүйендім санамменен.
Ұшатынға ұқсаймын тастап сені,
Түсініспей тірлікпен, адамменен.
Бүгін бармын... ертең жоқ, соны білгем,
Өңімді де түсімдей жорыдым мен.
Бақиға жол шегермін пәнидегі,
Саған деген қылаусыз көңіліммен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter