Өлеңдер ✍️
Елге жет, есіл өлеңім!
Ақиқат тегі –
Алланың нұры, оттан-дүр.
Күннен – Жер және Көк түрік...
Қоздаған мұңым жүректі қыздыр, шоқтандыр,
Қалса бір ұшқын –
Тектілік!
Күйресін дүние,
Күл-тозаң көшсін көзімнен,
Күңірен, Абыл күйлері!
Бекетке қонған бақиғы пейіш-сезімнен
Жыр келіп жетсін күймелі.
Жыр келіп жетсін Үш қиян – ұшан теңізден,
Жайық та болып жылайын.
Тарихым-анам – Еділдей емшек емізген,
Оның да жайын сұрайын.
Әруағым қысып,
Ойымнан әрі озды елес,
Байбоз бен Жанбоз қонды атқа...
Қылышқа кезек береді қиял, сөзге емес,
Ежелгі мекен – ел жақта.
Топырлап түскен түрікпеннің сеңсең бөркіндей
Кеудемнен қаңбақ жосады.
Арманда кеткен Ақбөбек-көңіл серпілмей,
Қайыпқа әнін қосады.
Мен тарих болсам –
Өрттенер жаным, серт берер
Сүйінқараның кегімен.
Сонан соң суып, сұйылып қаным, дерттенер
Исасыз Досан шерімен...
Алланың нұры –
Ақиқат басы, соңы да.
Ойын ғой – өмір дегенің.
Арандап кірсем ажалдың жайған торына,
Елге жет, есіл өлеңім!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter