Өлеңдер ✍️
Адалдық
Бұл өмірде адалдықты сыйладым,
Сол долда мен жанымды да қинадым.
Тірлігімде жүзім жарқын, ал өлсем,
Жолдас болғай деп тіледім иманым.
Сол тілекпен, тәубе деумен келемін,
Сол тілектен табар жаным бір емін.
Менің әзиз ұжданымның ұясы –
Ақ бола гөр, пәк бола гөр, жүрегім.
Сауабы жоқ күнәһарлық бір күйік,
Адалдықпен жаным менің тұр биік.
Соның үшін жүзім менің жайдары,
Кең Алламыз кеткендей-ақ нұр құйып.
Міне, осылай алдан ақ жол ашылды,
Байлық қуып жиған емес асылды.
Екі дүние есігінен еңкеймей,
Тіп-тік ұстап өтсем деймін басымды.
Күнә артпаса ешкім тілдеп, жазғырып,
Көңіл шалқыр, кейде мені мәз қылып.
Қорқам кейде мынау азған заманда
Әзәзілдер кетпегей деп азғырып.
Асау көңіл таппағандай тұрағын,
Жан-жүйемді аралайды бір ағын.
Сонда мені адастырмай адалдық,
Қарсы алдымнан жағады ылғи шырағын.
Аттп өту ақ сайтанның торынан,
Келеді ме пенделердің қолынан?!
Ей, жүрегім! Өтінемін өзіңнен,
Адастырма адалдықтың жолынан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter