Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  153


Автор: Рза Оңғарбай

Үйсіз ақын келе жатыр көшеде

Елің аман, жұртың тыныш десе де,
Жүрегімде жарақат бар нешеме.
Өзі жерде, ал қиялы аспанда,
Үйсіз ақын келе жатыр көшеде.
«Найзағайлы шабыиым бар, шүкірмін,
Соңын бағың,-деп қояды үтірдің».
Байлық пенен билік жайлы сөз айтсаң,
Дей салады «түкірдім.
Дәруішке ұқсап нағыз ол деген,
Ит тірлікке тіпті көңіл бөлмеген.
Шабыт қысса шамырқанып жыр оқыр,
Күре жолға тұра қалып көлденең.
«Жауың бар ма? Берем дейді сазайын,
Тіліп түсер тентек өлең жазайын.
Қалтасында көк тиын жоқ сабазың –
Той жасаймын,-деп қояды,-ғажайып.»
Қоғам оны қойғаннан соң қаңғыртып,
Іс күтпейсің одан кейде мәнді түк.
Арам достың ақ сарайын көргенде,
Кеткісі бар төбесіне саңғытып.
Бір мақтасаң жетіп жатыр, іс тынды,
Сұрамайды ол, тегіңді де ныспыңды.
Жалаңаяқ жүрсе де өзі сол ақын
Жебегісі кеп тұрады міскінді.
Жүре алмайды ол бықсып, іште ит өліп,
Шабыт қозып шалқымай-ақ күй толып,
Сайқымазақ сәйгүлікті серідей
Сұлу көрсе қалады бір сүйкеніп.
Тұрғандай-ақ барлық жағы сайма-сай,
Күн кешеді шаруасын жайғамай.
Үйсіз ақын келе жатыр көшеде,
Жүрегінде – у, жанарында - найзағай.
Жыр деп ұққан бұл өмірдің ырысын,
Осы, міне, ақын деген қырысың.
Хан сарайға жасамайды ол айырбас,
Жыр киесі қонған жетім бұрышын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу