Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.08.2022
109
ЖАҢА ЕРТЕГІ
Жолы болмас жігіт пе ем,
Басқа түссе төзем-де.
Қармақ салдым үмітпен,
Өлең деген өзенге.
Қалт-құлт етіп халқым жүр,
Бір пайдасын тапсам-шы.
Алтын балық – алтын жыр,
Қармағымды қапсаңшы!
Құлаш сермеп қармадым,
Болар бір күн жолым да...
Орындалды арманым,
Алтын балық қолымда.
- Қуырайын табаға,
Бұқтырып бір буына.
- Өлтірмеші, жан аға,
Жібере гөр суыма.
-Арманың не сағынар?
Іске асады ылайым.
Ақындардың табынар,
Пайғамбары қылайын.
- Алау жырдың айт емін,
Өз отыма жанайын.
Пайғамбар боп қайтемін,
Бар ғой Қасым, Абайым.
Ел деп ылғи жүдедім,
Жігіт емен жалқы үнді.
Алтын балық, тілегім:
Бақытты қыл халқымды!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter