Өлеңдер ✍️
ЗАҒИПТАРДЫҢ ТОЙЫНДА ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Бұл өмір неткен тасқын, нөпір еді?!
Біреулер бәтуасыз көпіреді.
Не қайран қос жанардан жарқыраған,
Көр соқыр болғаннан соң көкірегі.
Тірліктің ақ пен қара - о да сәні,
Көп көрдім биіктер мен аласаны.
Жетесіз жанып тұрып қос жанары,
Аяғын басқан сайын адасады.
Қыран құс қия шыңнан көз алмайды,
Қашанда қайратсызды езер қайғы.
Сәулесі жүрегінің сөніп қалған,
Мәңгүрттер махаббатты сезе аламйды.
Тепсініп сұм тағдырға долданамын,
Қайран дос, қаламымды қолға аламын.
Сіздерге аппақ нұрды сыйлар едім,
Қарашы құдіретім болмағанын.
Кім тапқан бұл тірліктің бар айласын?
Көңілдің кір шалмасын шарайнасын.
Жарығы бұл тірліктің солғын тартты,
Тілегім – жүректерің қараймасын.
Өмірді ойлай-ойлай көз ілмедім,
Тірлікте керек екен төзім дедім.
Махаббат жолдас болып өздеріңмен,
Серідей сергек болсын сезімдерің.
Ұлыс күн, жасап жатыр халқы рәсім,
Арман-ай, асқақтайсың, шарқ ұрасың.
Бір кеште ұйықтап кетіп, таңда тұрсаң,
Нұрлы әлем алдарыңнан жарқырасын!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter