Өлеңдер ✍️
САҒАН ҒАНА МЕН ЕНДІ МҰҢ ШАҒАМЫН
Азайғандай бұл күнде дау-далабам,
Қалың достың бірі жоқ қаумалаған.
Сияқтымын, қорғансыз құр сүлдері,
Ақыл-есі біржола ауған адам.
Жеріген жан табады шөкімдей мін,
Дос-жарансыз, думансыз жетімдеймін.
Бақытымды аз күндік базар қылған,
Кеміді деп күнтилер өкінбеймін.
Болушы еді шын достың намысы ұлы,
Бүгінгілер іздейді таныс ірі.
Әрі кеткен, маңымнан бәрі кеткен,
Жарым қапты жалғыз-ақ жаны сірі.
Шүкір дейін, қайтейін, өлейін бе,
Көңілімді өзіңмен демейім де.
Құсы кеткен оралмай құсбегідей,
Өкініш бар кептелген көмейімде.
Соқтырады саялап кім самалын?
Біткендей ме достарсыз мұрша, халім?
Сенен басқа, сүйген жар, ұғар жан жоқ,
Саған ғана жұтқызам мұң шарабын.
Өзіңді алдап қайтемін, бос арланып,
Көңіл кейде құлазыр, босар, налып.
Қосарланып аққудай бірге ұшайық,
Ақ жұлдыздай кеткенше қашан жанып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter