Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
09.08.2022
182
КЕЙ СӘТТЕРІ ШЫН СҮЮГЕ ҚОРҚАМЫН...
Құмдар көшіп, сулар құрғап жоғалды,
Өзгеріске ұшыратып заманды.
Бірақ дағы қалт етпеді бір нәрсе
Ол – махаббат ұстап тұрған ғаламды.
Одан төмен асқар тау да, төбе де,
Әлсіз одан сауыт жыртқан жебе де.
Дүниені билемесе махаббат
Жібек үшін Төлеген құр өле ме?
Күннен ыстық, оттан жалын сезімі,
Өзі батыр, өзі қайсар, өзі ұлы.
Бір кездері көңілі ауған Баянға
Ажал – мерген дәлдеп атты Қозыны.
Тағдырына болғанымен ол өкпе,
Кеткені анық бақытынан бөлекке.
Ажал тағы желкеледі Қайыпты
Ғашық болам деп жүргенде Бөбекке.
Осыны ойлап атты менің әр таңым,
Жауырына жүз батпан жүк арта мұң.
Есіме алсам ғашықтарды бақытсыз
Кей сәттері шын сүюге қорқамын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter