Өлеңдер ✍️
Сенбепсіз ғой?!
Сенбепсіз ғой?!
Сенбедіңіз неліктен?
Сіз емессіз мені еліткен, еріткен!
Адалдығым – бір жанымның айғағы,
Жанарымнан бір осалдық көріп пе ең?!.
Сенбепсіз ғой, сенбедіңіз неліктен?..
Сенім – менің қашаннан-ақ серігім,
Жақсы жанды осы күшке телідім.
Құдіреттей күй болмай-ақ қойсыншы,
Құрақ-құрақ сеніміңнен жерідім.
Тынышымды алғаның,
Ұғына алмай шын сезімнің салмағын,
Мен отырмын. Көкейімде мың сұрақ:
Махаббаттан өмірде өзге бар ма мұң?
Тек ол нәзік, үлбіреген тәтті мұң,
Кезектесіп келер қайғы-шаттығың.
Өмір берер сыбағасын алда кең,
Махаббаттан асқан бақыт бар ма екен?
Мен түсіндім.
Ал онымнан не шықты?
Кінәлі емен. Уақытынан кешіктік.
Ендігісі… өзіңе де белгілі
Тербетерміз Өлең деген бесікті.
Мейлің түсін, түсінбеңіз – еркіңіз,
Өтіп жатыр бір күй самал шертіп із…
Сүйікті боп, сүйіп жүрміз, бірақ та
Махаббат ол – біздің мәңгі дертіміз!
Айтшы өзің, бұл тірліктің бар мәні
Неде екен, үміт неге алдады?
Біз дегенің бізге арналған емес қой,
Өлең ортақ екеумізге…
Болғаны.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter