Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  132


Автор: Жандос ДЕМЕСІН

ЕСКЕНДІРДІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

Жауларының бұзған талай қамалын,
Өзі билеп тұрған бір кез заманын.
Патша Ескендір өлерінің алдында,
Былай депті шақыртып бір адамын.
Бір өзіме бағынғанмен заманам,
Берген жанын алмақ Алла тағалам.
Патша қылып ел сайлады өзімді,
Таққа отырам деп тумап ем анадан.
Ерлігім бар есімімді танытқан,
Қаһарымнан жауларымның бәрі ыққан.
Жарты әлемді жаулап алдым амал не,
Кетем қазір бұл бес күндік жарықтан.
Мен өлгенде кебін орап денемді,
Алақаным шығып жатсын табыттан.
Бұл бұйрығым кетсін елге таралып,
Өмір барда өлімнің де бары анық.
Дүнияны ұстаған қос уысым,
Шығып жатсын табытымнан ағарып.
Өлсем қазір жер болады төсегім,
Барша жұртқа сабақ болсын осы өлім.
Сосын менің арқалап ап мүрдемді,
Ортасымен жүріп өтсін көшенің.
Атағым мен атым қалар тарихқа,
Аттанамын о дүниелік бағытқа.
Ерлігімді мойындаттым әлемге,
Өлімім де сабақ болсын халыққа.
Көрсін халық мені де ажал атқанын,
Көрсін және соңғы күнім батқанын.
Жарты әлемге әмір болған Ескендір,
Айнала алмай сұм ажалдың қақпанын.
Өлім жетіп анау бақи өмірге,
Құр алақан кетіп бара жатқанын.
Өлді осылай сөзін айтып ақырғы,
Есіл ерін жоғалтып ел аһ ұрды.
Өзге жұртқа көрінгенмен жауыз боп,
Өз еліне патша еді ол ақылды.
Тәмамдасам осылай хақ жырымды,
Өлім солай жеңді патша ғұмырды.
Болса деймін бұл бір өлім шын үлгі,
Елді билеп тұрғандарға бүгінгі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу