Өлеңдер ✍️
КАСПИЙ – ДОСТЫҚ ТЕҢІЗІ
Құрлық, теңіз, орман, тау шырайлана,
Орын тепсе... шебері Құдай ғана.
Тайқазандай теңізді ортаға алып
Алқа-қотан жұрт отыр шыр айнала.
Ашкөздіксіз достыққа сына қағар
Сән-салтанат келеді құрап олар.
Несібе-нәр сарқылмай сан ғасырда
Тартылуда толассыз сыбағалар.
Түрі басқа, тілі жат, діні өзге
Себеп болып жатқан жоқ бірі бізге.
Топырақтан бір уыс жасай салған
Бәрімізді бір Құдай білдіңіз бе?
Ортақ қазан, ортақ ас – нанамыз ба –
Ардың жүгін артқандай санамызға.
Тереңдік пен кеңшілік үлгісі боп
Теңіз жатыр ақ дархан арамызда.
Сүйген сәтте толқыны жарыса кеп,
Бауырмал деп мәз болдым – таныс әдет.
Тіледім мен бойына адамзаттың
Тектілігі теңіздің дарыса деп.
Жақсылыққа жатпайды жыр бұлданып,
Достық үшін көмейім бұлбұл қалып.
Байлық емес, басқа емес, бойымызда
Ынсап түгел болғанда – ындын қанық.
Дүбірлеген дүрмегін дүйім жердің
Естігенде ес кетіп күйінгенмін.
Бүтін теңіз бастайды бүтіндікке
Басын қосып жұмыр бас түйірлердің!
Ақ шағала, аққу-наз - ерке кейіп,
Сұлулықты селт етпей тербетейік.
Каспий егер бөлінсе көлшіктерге
Ыдырауға сол кезде серт етейік!
Жалғыз теңіз – ортақ дәу жүрек дейін,
Шаттығыңды шырқайық дір етпей үн.
Татулыққа қосармын соңғы демді
Кетіп бара жатсам мен жүдеп кейін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter