Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  167


Автор: Бесінбай Бегеніш

Біздің жастық шағымыз.

Немерем келіп тосыннан,
Қалқиып жарғақ құлағы
Алпыс жыл бұрын осыдан
Жағдайды меннен сұрады:
Жарқылдап жастық сезімің,
Мәз болып ата күлдің бе?
Ұнатқандарыңды өзіңнің
Дәмдерін татып көрдің бе?
Жастығым – соғыс кезеңін,
Қамтып жатыр сұрағың?!
Көмейде – өксік сезімін
Жауабын тыңда шырағым!
Кез келген әрбір сатыдан
Жатпаған кәмпит домалап,
Жесең шие татыған,
Мамалар көмген собалақ.
Тыңдаймыз келсап үнін кеп
Шығып жатса үйіңнен.
Нұрланып беттер күлімдеп
Даусына көңіл сүйінген.
Тоя жемей жатқанбыз
Солқылдақ құрсақ жүреміз.
Кешеңдеу тоңып жатқанбыз
Мәз болып қалай күлеміз?
Түйілген қатты арпа ұны,
Бәріне түгел жетпеген.
Қуырған қара талқаны
Ауыздан дәмі кетпеген.
Аяқта шоқай сөгілген,
Басамыз оны еппенен.
Көз жасы жоқтап төгілген
Шерленген бойда зертпенен.
Ойымда. Бәрі ойымда.
Бермедік ойды ойынға.
Айтарым осы, қарағым
Менің жастығым жайында!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу