Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  158


Автор: Бесінбай Бегеніш

Абыз қала Аккетік

Ассалам саған Ақкетік сағынып келдім тағы да,
Селт еткен сезім сырларын қалдырғам Тарас бағында,
Есіме кейде оралар қағаздан қайық жасап ап
Жүздірген толқын ағынға...
Қиялмен қала тұрғызған кезең – ау қызық балалық,
Бәріміз «шебер құрлысшы», жететін бізде «даналық»,
Әр үйден өріп келсекте – Ақкетік ортақ құт мекен
Болмаған бізде алалық!?
Әсемдігін армандап болашақ болжап өскенбіз,
Абыз қала атанып осындай болса дескенбіз,
Сол кезде біздер дауласып, дауыс беріп сайлауға
Әкімін қала шешкенбіз?...
Бақ мекенім өзіңсің балалық сағым шағымның,
Қиялымды қозғаған теңізде толқын ағынын,
Туыстық, достық, татулық-өзіңнен бастап қаланған
Көрмесем жие сағындым...
Келгенде аңсап өзіңе тыңдадым Мұрын жырларын,
Әр тасыңнан ұғынам Бәймәмбет бидің сырларын,
Есімін есте ұстадым бостандық үшін күрескен
Иса мен Досан ұлдарың...
Захар Кузмич1
айтыпты «Купец едім – бай болдым!»
Қарашекпен1
– Баутин қонысына жай болдың,
Александр – Шевченко – сүйер ұлдың аты көп
Бәріне де сай болдың!
Түбекте сеннен басталған бекініс үлгі Қамалдар,
Ватаға2 құрып балыққа саудамен әдіс, амалдар,
Қойныңды ашып жатасың-жер ауып келсе айдалып
Жүректе жылы самал бар!
Үлкен үй боп түбекке керегеңді керіпсің,
Құбыла бетің айдында арқаны кеңге беріпсің,
Шаңырағың шалқақ көтерген, абыройың аспақ Ақкетік!
Іргең аман беріксің!
Ақтау, Өзен – ұлдарың жаныңдағы отаудай,
Исініп оған қарасаң, ыңырсиды ботаңдай,
Жайланып түбек түбінде халқымның биік мерейі
Ақсақал Абыз Атамдай!
Шаңырақ сыйлау ғұрпымен басымды иіп жетемін,
Ата – дәстүр қашаннан бұрылып сәлем етемін,
Абыз қала – Ақкетік, кірпіштен қалай соғылсаң
Жырыммен сылап кетемін!




1. Захар Кузмич – теңіз жағасын иеленген орыс байы – Купец.
2. Қарашекпен – Алғашқы қоныстанған орыстарды осылай атаған.
3. Ватаға – Ауланған балықты қабылдайтын орын.
4. Мұрын Сеңгірбекұлы – жырау.
5. Бәймәмбет Маяұлы – Адайдың белгілі биі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу