Өлеңдер ✍️
АҚЫН. АНА. ЖЫР.
(Түбектегі белгілі ақын Гүлжауһар Сейітжанның туғанына 50 жыл)
Желпініп, көңілденіп қыр қазағы,
Бұрқылдатып қайнатты той қазанын.
Ақ келін босағадан аттай бере
Деді елге «өнерім бар, жыр жазамын!»
Ауылға келін келді , жыр да келді,
Бұл хабар шарлап кетті маңдағы елді.
Жыр тыңдап, құтты болсын айтасыз, - деп
Ат шауып, тойлы ауылға атан желді.
Мақтанып маңайдағы ел иірілген,
Шаттық үн, би биленіп, ел сүйінген.
Шай құйды, сәлем етті әлгі келін,
Сөйлесті , сәлемдесті, жыр тілімен.
Кеш жатып, ерте тұрып түндік ашты,
Боз үйге күнмен бірге жырын шашты.
Терлетіп, шайын демдеп абысынның,
От жағып ошағына қазан асты.
Ат ұстап, бота байлап, түйе сауды,
Көмейден жыр төгілді жібек баулы,
Жиылған дос-ағайын , туыс-жекжат
Сияқты әннің аулы, өлең аулы.
Осылай дала көріп, сыр жинады,
Сол сырдан шыға берді жыр жинағы.
Далаға... атаға да... батаға да...
Жүректен лықсып шыққан жыр сыйланды.
Өмірге жырмен бірге бесік енді,
Гуілдеп бесік іші өсіп-өнді,
Тойласа Ақын - ана мерейтойы,
Қаламын, мен қалайша аяп немді?
Қуат ап ақындықтан ана бүгін,
Сыйғызған кеудесіне дала гүлін,
Жеткізген айтатынын жыр тілімен
Ақын... Ана... Бала үнін...
Қайнатып, бұрқылдатып жыр қазанын,
Әркімде анаға арнап жыр жазатын.
Бесік тербеп , шаттықпен әлдилеген,
Кезек бер Ана-ақынға , ей, қазағым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter