Шығармалар ✍️
ШАБАЙ БАТЫР
Тоғай, тоғай, тоғай су, Тоғай қондым өкінбен.
Толғамалы балта қолға алып, Топ бастадым өкінбен!
Доспамбет жырау.
Қазақ деген қабырғалы жұрт ежелден қабылан жүректі, балуан білекті батырларға, топ бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендерге кенде емес. Қарулы мылтық, құрсаулы найза ұстаған жауға кезіктір дейтұғын ерлер өздерінің бар өмірін туған елінің арман мүддесін іске асыруға бағыштап өтті емес пе. Алтай мен Атыраудың арасындағы көсіліп жатқан кең байтақ жерді қасық қаны қалғанша қорғап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру бабаларымыздың басты арманы болды. Сол арманды іске асыру жолында елім деп өткен қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Қарасай мен Наурызбай, беріштен шыққан Махамбет пен Исатай, тама Есет, түркіменадай Есекмерген, Атағозы, Бердібек, жары Шотан, олжашы Құлбек, қосқұлақ Бекет, қаратоқа Әбілғазы сынды қазақтың небір батырлары көзсіз ерліктің үлгісін көрсетіп, кең байтақ қазақ даласын шапқыншы жаудан қорғап қалды. Міне, осы ерлердің есімін қастерлеу, кейінгі буынның санасына сіңіру бүгінгі ұрпақтың басты парызы екендігі сөзсіз.
Сондай құрметке ие болуға лайық жандардың бірі - Шабай батыр Қонысұлы.
Көне заманның куәгеріне айналған шежіре-деректеріне жүгінсек, Шабай батыр Қонысұлы – 1768-1846 жылдар аралығында өмір сүрген кіші жүздің құнанорыс руынан шығып атағы алты алашқа танылған айтулы батырлардың бірі. Қазақ халқы осындай дарабоздарының атын атағанда зор құрметтің белгісі ретінде ру атын да қосып атаған. Шабай батыр да байтақ қазақ даласына құнанорыс ер Шабай деген атпен белгілі болған.
Шабай батыр - жасаған ерлігі жеті атасынан бері үзілмей келе жатқан нағыз текті тұқымның тұяғы. Өз әкесі - Қоныс батыл әрі тік мінезді ел ағасы ретінде танылса, арғы атасы - Мыңбай құба қалмаққа қарсы тойтарыс беруге ат салысқан әйгілі батырлардың бірі. Шабайдың нағашысы - Жылқайдар батыр да жоңғар шапқыншылығы кезінде ел үміт артқан баһадүрлердің бірі. «Батыр анадан туады» деген сөзді дана
халқымыз бекер айтпаса керек. Көнекөз қарттардың айтуынша, Шабайдың анасы - Әсемгүл де қайратты, ер мінезді әйел болған десе-ді. Міне, осындай тектілердің тұяғы Шабай да қазақтың қамал қорғанына айналған белді батырлардың бірі.
Арғымақ белдеуден кетпеген жаугершілік заманда ат жалын тартып мінген ер балаға жүктелер жауапкершілік үлкен болған ғой. Шабай батыр да он үшінде елді елең еткізіп ерлік ісімен танылады. Бірде Барақ батырдың ауылдастары Шабайдың атасы Мыңбай батыр ауылының өрістегі жылқысын айдап кетіпті. Қапыда малынан айырылып қалған Мыңбайдың кенже баласы Жаманқара ауылға аттандап шауып келеді. Бірақ ауыл адамдары да, Шабайдың әкесі Қоныс батыр да сырты түк, іші боқ түлікке бола ел арасын бүлдірмейік, мәселені ағайыншылық жолмен шешейік деп барымташылардың соңынан қумағанды жөн көреді. Ауыл тұрғындарының ашуды ақылға жеңдірген бұл шешімі он үш жасар Шабайға ұнамаса керек. Әкесінің сауыт-сайманын киіп, бес қаруын асынған жас өрен жалғыз өзі салып ұрып Барақ батырдың ауылына келеді. Қазақи дәстүр бойынша жоқшы екенін алдын-ала сездірместен атының шылбырын қазыққа іле салып Барақ батырдың ордасына баса-көктеп кіріп барыпты. Жас баланың қылығына ашуланған Барақ ақырып жіберсе керек. Бұған дейін оның қаһарлы дауысына шыдас берер жан табылмай кімде болса жүні жығылып, жүзін тайдырып әкетеді екен. Ал, Шабай өткір көзін Бараққа тіке қадап, тізе бүкпестен қасқайып тұра қалады. Жас баланың тегін адам емес екенін түсінген батыр Барақ райынан қайтып:
- Қайдан жүрген баласың деп, - тілге келеді. Сонда Шабай:
- Руым - Адай, атам - Мыңбай, әкем – Қоныс, өз атым - Шабай.
Сәлемге келген балаға ақырғаның қалай ?! – деп тақпақтай жөнеліпті.
Жас баланың жанарындағы отты көріп, қайсарлығына көңілі толған батыр Барақ жас жігітті құрметтеп, қасына отырғызып:
- Балам, текті тұқымның тұяғы екенсің. Бұдан былай екеуміз бір- бірімізді құрметтеп, сыйлас, тілектес болып жүрейік. Келе қалсақ, сәлем салып келетін болайық. Екеуміздің кейінгі ұрпағымыз да бірлікте өмір кешсін, - деп Шабайға батасын беріпті. Екі ауылдың арасындағы барымта мен қарымта да осы оқиғадан кейін оң шешімін тауыпты деседі.
Аты-шулы Барақ батырдың қаһарынан ықпай батасын алған Шабай да сол оқиғадан кейін өзге батырлармен терезесі теңеліп, жорықтарға қатыса бастаған екен. Белгілі «Ер Қармыс» жырында:
... Белгілі ерден Бегей бар,
Жүйрік атты Керей бар. Бек сауытты Жанақ бар, Белгіліден Медет бар.
Қойсары мен Қонай бар, Он бес жасар Шабай бар.
Шабайдан басқа талай бар, - деп жырлануы Шабайдың өзге батырлардан кем еместігін көрсетпей ме?
Шабай батырдың он жеті жасында қалмақтың бас батыры Серен мен жекпе-жекке шығып жеңіске жетуі, оның ерлік даңқын асыра түседі. Осы оқиғадан кейін елі Ер Шабайды туған жерін жау тұяғына таптатпаған аруақты батырлардың қатарына қосып, қастерлеп, құрметтеген. Ақын-жазушылардың ел аузында сақталып, күні бүгінге дейін жеткен мына бір толғауы осыған айғақ:
... Жауға шапқан жасқанбай, Қаракүшік, Қарақай.
Жолы болған ерлерім,
Ар жағы Байбол, Ер Қосай. Аруағы алдында,
- Құнанорыс Ер Шабай...
Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ пен Хиуа хандығының арасындағы қақтығыстар 1730-1918 жылдардың аралығын қамтиды. Осы екі ғасырға жуық уақыт аралығында ат төбеліндей қазақ ел қорғаған батырлардың ауыз-бірлігі мен ерлігінің арқасында Хиуаның талай шапқыншылығына тойтарыс береді. Бұл сөзімізге айқын дәлел ретінде, 1832 жылғы Сүйінқара батыр бастаған, 1840 жылдардағы Мықтыбай мен Сарының, 1860 жылдардағы Байбоз – Жамбоз ауылдарының, Ер Қармыс пен Балуанияз бастаған жорықтарды ерекше атауға болады. Ел аузында сақталған тарихи деректен де Шабай батырдың ерлік істрі айқындала түседі. Тарихи деректерге сүйенсек, 1832-ші жылы Хиуа, Қоқан хандары Аллақұл мен Мәмбетназар үш мың жасақ қол аттандырып, Сүйінқара батырдың ауылын шабады. Осы соғыста Шабай батыр қазақ әскерінің сапында бола алмай қалыпты. Бірақ кейінірек Шабай батыр Аллақұл ханға тікелей барып шапқыншылықта жау қолында кеткен елдің жесірлері мен малын қайтарып алған деседі. Қаһарлы ханға қаймықпай барып халқы үшін өз басын қатерге тігуі асқан жүректіліктің, сөз жүйесін тауып айтатын шешендік пен көсемдіктің белгісі екендігі даусыз. Екі ғасыр уақытты көктей өтіп бізге жеткен әңгімелердің дені тарихи деректерден сыр
шертеді. Маңғыстаудағы Шерқала қамалында болған соғыстарда да, Хиуа мен Қоқан басқыншыларына қарсы жорықтарда да, Шабай батырдың ерен ерлік көрсеткені жыр-дастандарда айтылып қана қоймай нақтылы тарихи деректер арқылы расталған. Дәлірек айтсақ, моңғолиялық қазақ жазушысы Іслам Қабышұлының «Керейлер керуені» атты тарихи еңбегінде маңғыстаулық адай батыры Ер Шабай туралы жан-жақты айтылады..
Әріден сөз қозғар болсақ қазақ халқының басына өлшеусіз қайғы қасірет әкелген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін елдің бір бөлігі Еділ, Жайық, Атырауға қарай ат басын бұрып бет түзейді. Алайда, патша үкіметінің жергілікті қолшоқпарлары оларды Еділ мен Жайыққа жолатпауға тырысады. Оларды қойып қандас, туыс тайпалардың өзі Атырау теңізінің солтүстік-шығыс бетіне қазақтардың қоныстануын қаламайды. Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген елге қалай болған күн де қолайлы қоныс керек еді. Бірақ белгілі бір аймақты ата қоныс етіп, бір жерге тұрақтау оңайға түсе қоймайды. Амалсыздан оларға патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы тұрумен қатар қалмақтар мен бұларды шеттеткісі келген басқа да тайпалармен соғысуға тура келеді. Дәлірек айтсақ, бұл дәуірдегі кіші жүз руларының тарихы қанмен жазылғандай десек қателеспейміз. Өйткені, осы тұста кіші жүздің Сырым, Исатай, Махамбет, Жанғожа мен Есет, Иса, Досан сынды батырлары ел тәуелсіздігін қорғау мақсатында көтерілістер ұйымдастырады.
Атырау, Маңғыстау елі және сол өңірден Иран, Ауғанстан, Тәжікстан, Бесқалаға әркезеңде қоныс аударған қазақ ауылдары ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда кіші жүз халқы үшін бастарын қатерге тіккен батырларды жыр қылып айтады. Олардың қатарында Есенғұлұлы Есек мерген, түркімен адай Атағозы, құнанорыс Лабақ, Ер Шабай, қосқұлақ Бекет сынды батырлар болған.
Сондай-ақ, ер Шабай Айбұйыр деген жерде хиуалық шапқыншы Ата-гөурені жеңіп, жау қолына түскен мал-жанды қайтарып алады. Шабайдың Шерқалада Сардабекті жеңуі жоғарыда айтқанымыздай Аллақұл ханға барып Сүйіқараның адамдары мен мал-мүлкін қайтаруы Шабайдың жау алдында да жасқанбайтын ерен ерлігін, елінің тәуелсіздігі үшін қарақан басын құрбандыққа байлаған мәрт мінезін, биік адамгершілігін танытады.
«Құнанорыстан ұл туса, дұшпанға күн туар» деген сөздің астарында үлкен ақиқат шындық жатыр. Мұндай сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек-ті. Өйткені, құнанорыс аталарының ауылынан
жасанған жауын жер қаптырар дарабоз батырлар көп шыққан. Бұл ретте Лабақ пен Достың, Есен мен Сүгірдің, Бердәулет пен Байтуғанның, Қалмағанбет пен Аманжолдың, Мырзалы мен Бижанның есімдерін ерекше атап өтуге болады. Ел үшін еңіреп өткен осынау батырлардың көпшілігі жау қолынан қаза тапқан деседі. Кеудесі қазынаға толы қариялардың айтқан әңгімесіне қарағанда құнанорыстан шығып жалпақ қазаққа аты жайылған Шабай батыр да жау қолынан қапыда мерт болады.
Қылышдұрды мен Назарпат атты батырлар бастаған хиуалық қарақшылар Шабай ауылының өрістегі түйесі мен қойын айдап кетеді. Қуғыншыдан қара үзіп кеттік деп ойлаған қос батыр малды айдауға аз ғана адам қалдырып, өздері ілгері озып кетеді. Осы тұста Шабай батыр бастаған қазақ қолы қарақшыларды қуып жетіп малдарын қайтарып алады. Қайтар жолда Итбай құдығының басына келгенде батыр қасындағы екі жолдасымен суы мол құдықтың басына түнеп шықпақшы болады. Өзге жолдастары түнгі салқынмен малды айдап елді бетке алып кете барады. Алдарындағы малдан айырылып, қарақан бастарын сақтап жан сауғалаған қарақшылардың аз ғана тобы озып кеткен басшыларының ізінен қуып жетіп болған істі баяндайды. Қуғыншы қазақтардың саны аз екенін естіген Қылышдұрды мен Наразпат қайта айналып соққанда құдық басында жайбарақат жатқан Шабай батырдың үстінен түседі. Қасында екі серігі ғана бар қас батыр қапияда тап берген жасанған жауға төтеп бере алмайды. Сөйтіп, 78 жастағы қарт батыр осы жолғы жорықта мерт болады. Әйтеуір, батырдың жастығын ала жығылғаны ұрпақтарының көңіліне медет. Шабай батыр қылышын ала ұмтылған Қылышдұрдыны ат үстінен аударып өз қылышымен өзін шауып өлтіріпті.
Ертесіне ауыл адамдары батырдың қарақасқа тұлпарының жайдақ шауып келгенін жамандыққа жорып, іздеуге шығады. Батырдың денесін шілденің ыстығында елге жеткізе алмайтын болған соң, сол жерге жерлеп, басына белгі қояды.
Шабай батыр жеті атасынан ерлік үзілмеген батырлардың тұяғынан екендігін жоғарыда айтып өттік. Батырлық Ер Шабайдың өз кіндігінен өрбіген ұрпақтарына да дарыған. Бәйбішесі Тойнаш – Есентемір Көктаубай батырдың қызы екен. Одан туған ұлдары – Меңдібай, Қалдыбай, Медетбай, Қуатбай да батырлық дарыған текті жандар. Меңдібайдың ұлы Бердәулет батырдың даңқын асырған немерелерінің бірі.
Батырлардың өнеге істері бүгінгі таңда талай көркем шығармаларға арқау болуда. Мәселен, халық ақыны Өмірзақ Қалыбайұлы ел аузында айтылып жүрген аңыз-әңгімелер мен тарихи деректерге сүйеніп «Ер Шабай» атты жыр-дастан жазып шыққаны белгілі. Ақынның «Адай жайсаңдары», «Тобанияз толғауы» тарихи дастандарында ел қорғаған ерлердің ерлік істері шынайы суреттеледі.
Қазақтың дархан даласында мен мұндалап тұрған сөрелілерді көптеп кездестіруге болады. Өйткені, жорықта қаза тапқан боздақтардың сүйегі күн ыстықта бұзылып кететін болғандықтан биік төбенің басына жерлеп, тастан қалап белгі қалдыратын дәстүр болған екен. Яғни, «сөрелі» дегеніміз шәйіт болған ерлердің сүйегі жатқан жер. Қазіргі Қарақалпақстан жеріндегі Үстірт кентінде «Итібай құдығы» деген жерде сөрелі бар. Шабай батырдың осында жерленгенін жоғарыда айтып өттік. Кейінгі ұрпақтар оны ескерусіз қалдырмай басына Маңғыстаудың ақ тасынан көрнекті ескерткіш тұрғызды. Шабай батырдың 200 жылдығы ҚР Ғылым академиясында аталып өтті. Батырдың рухына бағышталып дұға оқылды. Түйіндей айтар болсақ, кіші жүз елінен шыққан Шабай батыр мен оның ұрпақтарының ерлік істерін кейінгі ақындар мен қаламгерлер тебірене толғайды.
Атағозы, Бердібек, Ерлік қылған белгілеп.
Есен, Сүгір, Шабайды-ай, Шотан, Қармыс, Қонайды-ай. Тұсында ешкім бұларды,
Айтпаған екен кем-ді деп, - жырлайды Ақтан ақын өзінің «Ерлік жыры» дастанында.
Ақын «Найза ұстаған адайда, ер өткен жоқ Шабайдан» дейді ел намысын қорғаған Шабай ұрпақтары Есен мен Сүгірді, Бердәулет пен Жоламанды да:
Бердәулет пен Жоламан, Оғы қардай бораған.
Құрбысынан озаған, Қапияда ханды өлтірген. Сөйтіп отын сөндірген,
Дұшпаннан қайтқан жері жоқ,
Шабайдан бергі мезгілден, - деп жырға қосады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, елі мен жерін жаудан қорғаған Ер Шабай да, оның батыр ұрпақтары да әлі де талай жырға қосылып дәріптеліп, кейінгі келер ұрпақтың мақтанышына, ауызға алар
ұранына айналатыны даусыз. Бабалардың ерлік істері ата тек арқылы кейінгі ұрпаққа даритын кісілік, азаматтық дәстүр сабақтастығы деген осы емес пе?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter