Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  109


Автор: Айсырға Қилыбаева

СЕНІҢ БЕЙНЕҢ

Керілді аспан бар моншағын тағынып,
Күлімдейді жұлдыз айға табынып.
Жас сәбидей күліп тұрдың алдымда,
Аппақ тісің ай нұрына шағылып.
Мөлдір сезім, мөлдір аспан тұңғиық,
Сүтке толып аппақ ай да тұрды ұйып.
Көкірегіме мәңгі солмас гүл ектің,
Жарқыраған жанарыңнан нұр құйып.
Жүрегім өз қалауынан жаңылды,
Асқақ едің, тауың сонда шағылды.
Сені тастап қап-қараңғы түнекке,
Менің шамым басқа отауға жағылды.
Сенің бейнең – естен кетпес елесім,
Жүрегіме аппақ шуақ төгесің.
Тіршілікте менен алыс жүрсең де,
Қиялымда өмір сүріп келесің.
Кешірдің бе, кешпедің бе – білмедім,
Жылдар өтті, айлар өтті, көрмедім.
Тіршілікте сенен алыс жүрсем де,
Қиялымда өмір сүрдің сен менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу